1 қыркүйек – Білім күніне орай Алматыдағы №11 мекемеде жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер үшін «Мектебім – мейірімді мекенім» атты салтанатты іс-шара өтті
Polisia.kz мәліметінше, қазір мекеме аумағындағы №32 жалпы білім беретін мектепте 73 оқушы білім алып жатыр. Мұнда қазақ және орыс тілдерінде білім беретін жеті сынып бар. Оның 50 оқушысы қазақ, 23-і орыс сыныбында оқиды.
Іс-шара барысында мекеме өкілдері оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім алуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Жасөспірімдер оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Мұндағы оқушылар мектеп бағдарламасын меңгеріп, мемлекеттік үлгідегі аттестат алады. Сонымен қатар білімін жалғастырып, кәсіби мамандық игеруге мүмкіндік берілген.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдердің білім алуына жағдай жасау олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі.