Елімізде әскерге шақыру науқаны басталды

фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, оның аясында 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 23 000-ға жуық ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Жаңа науқан барысында шақырылушылар Қарулы күштерге -12 000-нан астам адам, Ұлттық ұланға - 7 000 адам, ҰҚК Шекара қызметіне - 3 000 адам, Төтенше жағдайлар министрлігіне -  400-ден астам адам және Мемлекеттік күзет қызметіне -  300-ге жуық адам бөлініп жіберіледі. 

Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары өз жұмысына кірісіп кетті, ал «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасы арқасында әскери есепке қою және тіркеу сияқты қызметтер проактивті форматқа көшіріліп, барлық мәліметтер eGov порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болды.

Сонымен қатар, сарбаздар үшін әскери қызмет кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру, ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсу және жүргізуші, парамедик, байланыс маманы сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгеру мүмкіндігі қарастырылған.