3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтеді. Жаңа дата 2026 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен еліміздің мерекелік күндер тізбесіне ресми түрде енгізілді.
3 қыркүйек күнінің таңдалуының өзіндік мәні бар. Дәл осы күні, 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала негізде ресми түрде танып, тұқымға № 372 стандартын бекітті және Қазақстанды оның шыққан елі ретінде белгіледі.
Қазақы тазы ғасырлар бойы Ұлы даладағы адам өмірінің ажырамас серігі болды. Тазы ең алдымен дәстүрлі аңшылықта, соның ішінде қыран құстармен бірге аң аулауда пайдаланылған.
Тазының қазақ мәдениетіндегі ерекше орны бүгінде халықаралық деңгейде де бекітілген. FCI-дің ресми стандартында қазақы тазы «Жеті қазынаның» бірі ретінде аталып, ер жігіттің сенімді серігі символын білдіретіні көрсетілген.
Ұлттық ит тұқымын сақтау жөніндегі жүйелі жұмыс 2023 жылғы қаңтарда қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша арнайы заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік негізге ие болды. Заңнамалық деңгейде қазақы ит тұқымдары, асыл тұқымды ит, тұқым стандарты, бірыңғай асыл тұқым кітабы ұғымдары және оларды сақтаудың басқа да негізгі тетіктері айқындалды.
Осы жұмыстың басты нәтижелерінің бірі — қазақы тазының халықаралық деңгейде танылуы. Бүгінде Қазақстанның алдында FCI талаптарына сәйкес тұқымды алдын ала танудан түпкілікті тануға дейінгі кезеңнен өту міндеті тұр. Бұл үшін иттердің халықаралық стандартқа сәйкестігімен қатар, жүйелі асыл тұқымдық жұмыс, шығу тегінің нақты есебін жүргізу, тұқымның бірнеше ұрпақ бойы тұрақты өсіп-өнуін қадағалау, денсаулығы мен мінез-құлқын бақылау, сондай-ақ тұқымды ірі халықаралық кинологиялық іс-шараларда тұрақты түрде таныстыру қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстан кинологтар Одағының асыл тұқымдық жүйесінде 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. Сонымен қатар еліміздің ауылдық жерлерінде бұған дейін орталықтандырылған кинологиялық есепке алынбаған сапалы иттер сақталған. Сондықтан мұндай иттерді анықтау, сұрыптау және құжаттандыру жұмыстары өңірлік асыл тұқымдық байқаулар аясында жалғасуда.
Қазақы тазы халықаралық аренада да барған сайын белсенді таныстырылып келеді. 2026 жылғы маусымда тұқым өкілдері Болонья қаласында өткен World Dog Show дүниежүзілік иттер көрмесіне қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпиондары атақтарын иеленді. Мұндай нәтижелердің маңызы зор: әлем жекелеген иттерді ғана емес, тұрақты дамып келе жатқан тұтас ұлттық тұқымды көруі тиіс.
«Біз үшін ұлттық тұқымның атауы мен сыртқы бейнесін ғана сақтап қалу жеткіліксіз. Негізгі міндет — оның табиғи қасиеттері мен функционалдық ерекшеліктерін сақтай отырып, өміршең тұқым ретінде келешек ұрпаққа жеткізу. Қазақы тазының халықаралық деңгейде танылуы мемлекет, кинологтар, ғалымдар, селекционерлер мен ит иелерінің бірлескен әрі жүйелі еңбегі нақты нәтиже беретінін көрсетті. Ендігі міндет — осы жұмысты дәйекті түрде жалғастырып, ұлттық тұқымның болашағын қамтамасыз ету», — деп Қазақстан кинологтар Одағының Президенті Бауыржан Серікқали атап өтті.
Қазақы тазы күнінің белгіленуі ұлттық тұқымды сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл мереке қазақы тазының тарихи-мәдени құндылығын дәріптеумен қатар, оны болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы ортақ жауапкершілікті де айқындайды. Оның мәні - ұлттық тұқымның гендік қорын және тұқымдық өзегін сақтау, сауатты асылдандыру жұмыстарын жүргізу, жұмыс қасиеттерін дамыту және қазақы тазыны халықаралық деңгейде кеңінен таныту.