Эбола індетінен қаза тапқандар саны 3 мыңнан асты

фото: REUTERS / Gradel Muyisa Mumbere

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының таралуы салдарынан қаза тапқандар саны 3 мыңнан асты. Бұл ел тарихындағы ең ауқымды әрі ең көп адам өліміне әкелген індет болды.

ДРК үкіметінің мәліметінше, қайтыс болғандар саны 3 007 адамға, ал расталған жұқтыру жағдайлары 6 186-ға жетті.

Бундибуджо вирусының түрінен туындаған қазіргі індет ауқымы жағынан 2018–2020 жылдардағы эпидемиядан асып түсті.

Енді бұл көрсеткіш бойынша ол тек 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған Эбола індетінен кейін тұр. Сол кезде Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 28,6 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, олардың 11 мыңнан астамы қайтыс болған.

ДРК-дағы індет туралы ресми түрде 15 мамырда Итури провинциясында жарияланды. Алайда кейбір медицина қызметкерлері мен сарапшылар аурудың таралуы қаңтар айында-ақ басталуы мүмкін деп есептейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, өлім жағдайларының шамамен 60 пайызы медициналық мекемелерден тыс жерде орын алады. Бұл науқастардың жағдайы күрт нашарлап, ауыр халге түскенге дейін ауруды анықтауда елеулі қиындықтар бар екенін көрсетеді.

Қазіргі уақытта Бундибуджо түрінен туындаған Эболаға қарсы мақұлданған вакцина немесе емдеу әдісі жоқ. Дегенмен бірнеше вакцина әзірленіп жатыр. Олардың қатарында Оксфорд университеті мен СПИД-ке қарсы вакцина әзірлеу жөніндегі халықаралық бастама (IAVI) жасап жатқан препараттар бар.