Қалайы кен орны құрылысынан 380 миллион теңге жымқырылған

Қызылжар өңірінде қалайы кен орнының құрылысынан 380 миллион теңге жымқырылған. 2017 жылы Айыртау ауданындағы “Сырымбет” кен орнына темір жол мен инженерлік желілерді тартуға бюджеттен 1.4 миллиард теңге бөлінген. Жоба бір жылдың ішінде іске асырылады деп жоспарланған. Алайда, іс жүзінде құрылыс сағызша созылып, күні бүгінге дейін тапсырылмай отыр. Құзырлы органдар нысанды тексеріп, 380 миллион теңгенің жұмысы орындалмағанын анықтады. Бұл іске қатысы бар қос жетекші күдікті деп танылған.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Іс бойынша мердігер ұйымның басшысы мен энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды. Сот санкциясымен 3 пәтер мен автотұрақ орнына тыйым салынды. Тергеп-тексеру жалғасуда.