АҚШ пен Иран қайта соғысты бастап кетті. Иран Кувейт пен Иорданияны атқылап, Ормуз бұғазына мина орнатпақ болған. Жауап ретінде АҚШ қарымта қайтарған кезде, бір бомба бүтін отбасының басына түсті. АҚШ Иранға қарсы санкцияларды одан сайын күшейтпек. Непалда іс-түссіз жоғалғандардың туыстары өз жақындарының суреттерін жан-жаққа ілуде. Себебі, билік олардың барлығының бірдей жақындарын күтуге шамамыз жетпейді, деп жаппай жерлеп жатыр. Ұлыбритания Парламенті Израиль әрекетін әшкере етіп, санкция қолдану туралы сөз қозғады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
АҚШ пен Иран қайтадан қарулы қақтығысты бастады. Бірінші болып, Иран Кувейт пен Иорданиядағы АҚШ әскери базаларына соққы жасаған. Артынша, АҚШ әскері жауап қайтарды. Артынша, Ирандық Қызыл жарты ай мәліметінше, Революция Сақшыларының Корпусы емес, бүтін бір отбасы зардап шеккен. Тіпті, 4 адам қаза тапқан. Ал, Иордания мен кувейтке жасалынған шабуыл бойынша, бірде-бір ымыран нысанаға жете алмады.
АҚШ ОРТАЛЫҚ ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ:
Иранның Революция Сақшылары Корпусы Ормуз бұғазындағы бейбіт жүк кемелеріне шабуыл жасады. Одан бөлек, Таяу Шығыстың бірнеше мемлекетінде біздің әскерилерге шабуыл жасады. Бірақ, біздің әуе қорғанысы кешендеріміз барлық зымыранды қағып алды. Ең сорақысы, Иран өзіне тиесілі емес жерде, Ормуз бұғазының халықаралық суларға бағынышты бағыттарында мина орнатпақ болған.
Одан бөлек, АҚШ экономикалық қысымды да одан сайын күшейтпек. Атап өтсек, қаржылық санкциялар осымен тоқтап қалмай, тағы бір легі жақын арада қосылуы мүмкін. Бұл туралы Солтүстік Каролинада өтіп жатқан «Үлкен жиырмалықтың» саммитінде АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді. Осы жолы, санкциялар кішігірім компанияларға да салынбақ.
СКОТТ БЕССЕНТ, АҚШ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Біз Иранның Революция Сақшылары Корпусымен титтей де болсын, тауар саудасын жүргізген компаниялар мен ол сауданы бақылаған екінші деңгейлі банктер де жазаланады. Британ Виргин аралдарында оффшорлы шоттары бар екенін де білеміз. Ол ақшаларымен қош айтыса берсе болады. Біз барлығын анықтадық. Олар, Ислам революциясын жүргізу, адал идеологияны қолдайды деген өтірік. Өзге мемлекеттерде зәулім сарай үйлері бар. Олар да тұтқындалады.
Қытай-Непал шекарасында су тасқынынан қаза тапқандардың саны 1127 адамға жетті. Жергілікті тұрғындар іс-түссіз жоғалған жақындарының суреттерін жан-жаққа іліп жатыр. Бірақ, тірі табуға үміттенбейді де. Бастысы, денесі үйінді астынан шықпай қалып немесе көппен бірге аты-жөні жазылмай жерленбеуін тілейді.
СУРАДЖ АДХИКАРИ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Менің қайын жұртымның отбасы су тасқынынан кейін ұшты-күйлі жоқ болды. Өзгелердің денесі табылғанымен, қайын атам мен енемнің денесі еш жерден шықпады. Әйелімнің ұйқысы қашты. Күнде Құдайдан тілейтініміз бір – арулап, өз қолымызбен жерлеу.
Жергілікті билік ол тілекті қанағаттандыра алмаймыз, - дейді. Себебі, күнделікті жүздеген адамның денесі табылып жатқандықтан, мәйітханаларда орын жоқ. Ал, өлген адамдар туралы мәлімет табу мүмкін болмай жатқанын айтуда атқамінерлер.
О.Б. РАНА, ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Тәртіп сақшылары да осы жұмысқа белсене араласты. Құтқару жұмыстары барысында дене табылса да, ДНҚ сынамаларын алуға мүмкіндік жоқ. Ауруханалардың да, сот-медициналық сараптамалық орталықтарымыздың да ондай мүмкіндігі жоқ. Ал, жерлемей, туыстарын күтетін болсақ, індет тарайды.
Ұлыбритания Израильге қарсы шара қолданбақ. Израильдік азаматтардың әскер күшіне сүйеніп, палестиналықтардың үйлерін тартып алу науқаны тоқтамай тұрғандықтан, бұған «лаңкестік» мәртебесі де берілмек. Бұл туралы Парламент алдында сөз сөйлеген елдің Сыртқы Істер Министрі Эд Милибенд мәлімдеді. Лордтар палатасы ведомство басшысының бастамасын толығымен қолдады.
ЭД МИЛИБЭНД, ҰЛЫБРИТАНИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Біздің сыртқы саясатымызды қайта қарау керек. Қазіргі Израиль билігі екі тәуелсіз мемлекет бастамасын тыңдағысы да келмейді. Халықаралық құқық нормаларының аяққа тапталуына қашанғы бей-жай қарай береміз? Кейбір лаңкестік әрекеттерге британдық құрылысм компанияларының да қатысы бар. Олар, Израиль азаматтарына үй салып беріп жатыр екен. Сондықтан, экономикалық санкция салу мәселесін көтереміз.
Данияның теңіз-жаяу әскері Гренландияда ауқымды оқу-жаттығуды бастады. Тіпті, әскер қатарына енді шақырылған сарбаздар да шараға белсене қатысуда. Дания билігі, арал қорғанысына миллиардтаған доллар инвестиция бөлмек. Көпшілік пікірінше, бұл шара ел билігі Трамптың басқыншылық әрекеттерінен қорыққандықтан жасап отыр.