Шахтинскіде мас тұрғын көпқабатты үйде газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытты

Шахтинск қаласында көпқабатты үйдің мас тұрғыны газ баллонын жарып жіберемін деп дүйім жұртты қорқытты. Полицейлер ондаған адамды шұғыл эвакуациялауға мәжбүр болды. Полицияның мәліметінше, оқиға Карл Маркс көшесінде болған. Зәресі ұшқан көршілері дереу құқық қорғаушыларға хабарлаған. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақшылар кіреберістен 35 тұрғынды эвакуациялады. Жағдай шиеленісті болған. Ұзақ келіссөздерден кейін ер адам есікті әрең ашқан. Оның ішімдік ішкені анықталды. Бұзақы полиция бөліміне жеткізілді. Пәтерді тексеру кезінде газдың иісі анықталған жоқ.

БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған ер адамға қатысты әкімшілік жүргізу басталды. Тексеру жүргізу кезінде ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Жинақталған материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.