Жыл басынан бері елде 4 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелген

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2026

Жыл басынан бері елімізде 4 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелген. Ауыр қылмыстың алдын алу мақсатында елордалық полицейлер «Астана - есірткісіз қала» акциясын бастады.

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 865 келі синтетикалық есірткі тәркіленген. Оқу жылының алғашқы күндерінен бастап полиция департаменті студенттер арасында профилактикалық акцияларды үдетті. Адам өмірін арашалайтын болашақ дәрігерлермен кездесуге Полиция департаменті мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшылары арнайы келді.

БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бүгін Астана қаласы Есірткі қылмысына қарсы басқармасымен. әкімдігімен және ІІМ қолдауымен осындай кең ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Бұл деген жаңа оқу жылының барысында барлық студенттермен кездесіп, оларға есірткінің заңсыз айналымы туралы түсіндірме жұмысын жүргізу.

Жыл сайын оқу орнына қабылданатын студенттің 80 пайызы ауыл-аймақтан келеді. Дәл осындай ата-ана бақылауынан алыстаған жастар  - алаяқтардың басты нысанасы.

АСЕМ ДОСАНОВА, АМУ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ:

Өңірлерден келген бірінші курс студенттері отбасынан жырақтап, жаңа орта іздейді. Біздің басты міндетіміз - оларды үлкен қаладағы қауіп-қатерден сақтандыру. Соны ескеріп, полицейлермен бірге жыл сайын осындай түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Жиында студенттерге дәріс оқылып, арнайы жасақ қызметкерлері мен кинология орталығының қойылымдары ұсынылды. Сонымен қатар ІІМ-нің қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды.

АЛЬБИНА ВЛАДИМИРОВА, СТУДЕНТ:

Бүгінгі профилактикалық кездесудің маңызы зор. Өйткені біз болашақта өз тәжірибемізде есірткімен де, түрлі препараттармен де жұмыс істейміз. Оның үлкен жауапкершілік екенін түсінуіміз керек.

Студенттер арасындағы профилактикалық жұмыстар жыл бойы жалғасып, елорданың барлық жоғары және арнаулы оқу орындарын қамтиды.