"Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ грамматикасының атасы", - профессор

Ол қазаққа алғашқы әліппені жазды. Қазақ грамматикасының негізін қалап, әдебиетке де еңбек сіңірді. Санаулы ғұмырында қуғын-сүргіннен көз ашпаса да, жанкештілікпен еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлы "Ұлт ұстазы" атанды. Аманатқа адал ғалымның тіл біліміне қосқан үлесі туралы келесі материалда.

ХХ ғасырға дейінгі қазақ баласы сауатын молдадан ашатын. Ұлт ұстазы бұл жүйені өзгертіп, "Оқу құралы" деген алғашқы еңбегін шығарды. Бұдан кейін қазақ грамматикасы туралы тұңғыш зерттеу - "Тіл құралы" жазылды. Саналы ғұмырын ғылымға сарп еткен тұлғаның тәжірибесі бүгінде оқу орындарына үлгі.

МЕРГЕН СҮЛЕЙМЕНОВ, МАХАМБЕТ ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРДЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде студент жастарды тәрбиелеуге арналған арнайы тәжірибелік тәрбие тұжырымдамасы бекітілген болатын. Бұл тұжырымдама аясында Ахмет Байтұрсынұлының осы идеологиялық негіздері, білім, ғылым, шығармашыл жастарды тәрбиелеу бағытындағы негізгі айтылған сөздері бүгінгі күнге дейін актуалды тақырып болғандықтан, осы тәрбие тұжырымдамасы арнайы бекітіліп, осыған еңбектері енгізілген болатын.

Ахмет Байтұрсынұлы дауысты, дауыссыз дыбыстарды бөліп, қазақ тілінің емле ережесін енгізді. Бұдан кейін терминдер де қазақшаға икемделді.

АЙДАРБЕК АҚБОЛАТОВ, М.ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ, PHD ДОКТОР:

Терминдерді қазақ тілінің табиғатына сай бәрінің баламасын тауып, қазақша аударып қолданатын. Қазір енді біз қолданып жүрген эпос, лирика, драма деген әдебиеттің жанрлық типтерін әуезе, айтыс-тартыс, лириканы толғаныс деп қолданатын. Қандай ұғымдар екенін көріп отырсыз. Бір де бір терминді халықаралық деңгейде қолданбайды. Тіл шұбарлауға қарсы болатын.

Ахметтің араб жазуы негізіндегі "Әліппесімен" бірнеше буын білім алды. Қазақ дыбысымен үндескен оқулық әлі де құнды. Латынға көшсек те, кирил қарпін оқысақ та, бәрінің негізін ұлт ұстазы қалаған.

АБАТ ҚЫДЫРШАЕВ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Ахмет Байтұрсынұлының сол кездегі "Әліппелері", оқу құралдары - қазіргі "Әліппенің" атасы. Тіл құралдары - қазіргі қазақ грамматикасының атасы.  Мәселеңки, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш немесе алуан тілдік категориялардың атаулары осылардың барлығын алғаш тіл білімі ғылымына енгізген Ахмет Байтұрсынұлы!

Ахмет Байтұрсынұлы репрессияға ұшырап, атылса да, еңбегі өшпеді. Өйткені ол жазған әріп пен енгізген ережелері әр қазақтың аузында, әр оқулықта тұр. Ана тіліміздің әрбір ережесі - сол кісінің аманаты.