Алматыда 5 жасар бала үш магнит жұтып қойып, асқазанында ауруды асқындырып алған

Фото: ДСМ

Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында үш магнит жұтып қойған 5 жастағы балаға сирек әрі қауіпті асқыну салдарынан ота жасалды

Магниттер ұзақ уақыт бойы асқазан-ішек жолында болған. Күшті магниттік тартылыс әсерінен асқазанда орналасқан бір магнит пен аш ішектегі екі магнит бір-біріне мүшелердің қабырғалары арқылы тартылған.

Операция барысында хирургтар өте сирек кездесетін асқынуды анықтады – асқазан мен аш ішек арасында патологиялық байланыс (магниттік жыланкөз) қалыптасқан. Ұзақ уақыт бойы болған қысым тіндердің зақымдануына және ойылуына әкелген.

Ота жасаған хирург, Алматы қаласындағы №2 БҚКА директорының орынбасары Марат Қаптағаевтың айтуынша, операция бастапқыда лапароскопиялық әдіспен басталған. Алайда зақымданудың сипаты анықталғаннан кейін баланың қауіпсіздігі үшін хирургтар ашық операция жасауға шешім қабылдаған.

Жыланкөз жойылып, үш магниттің барлығы алынды. Зақымданған тіндер кесіліп, тігіліп қалпына келтірілді. Құрсақ қуысына санация жасалып, дренаж қойылды. Операция сәтті аяқталды. Жүргізілген емнен кейін баланың жағдайы жақсарды. Ауруханадан шығарылған кезде оның жалпы жағдайы қанағаттанарлық болды, операциядан кейінгі жараларда қабыну белгілері байқалмады, – деді хирург.

Алматы қаласындағы №2 БҚКА директоры Марат Рабандияров бұл клиникалық жағдай балалар үшін шағын магнитті ойыншықтардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсеткенін атап өтті.

Бірнеше магнит жұтылған жағдайда олар асқазан-ішек жолының әртүрлі бөліктерінің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылып, ойық жаралардың, тесілулердің, жыланкөздердің, ішек өтімсіздігінің және перитониттің дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды баланың магнит жұтып қойғанына күмән туған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр әрі өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Марат Рабандияров.