Пәтерді жалға беру құны 3 күнде 13%-ға өскен

Елімізде пәтерді жалға беру құны 3 күнде 13 пайызға дейін өскен. Әсіресе, мегаполистердегі баға жағаны ұстады. Тіпті жарты миллионға бағалап отырғандары бар. Студенттер оқуға келетін тұста бұл түсінікті жағдай. Десе де, биыл арандары қатты ашылып тұр. Бағаны қашанғы нарық реттемек?  Еркелді Тілеуқұл сарапшылардан сұрады.

Матрас арқалап, түңгі қаланы кезген 4 жігіт желінің жұлдызына айналды. Әрине, тырнақшаның ішінде айтқанда. Негізі олар көпті таңғалдыру үшін емес, ұядай болса да тұратын жер таппай жүрген. Жаңа оқу жылына ерте қамданбады ма деп ақыл айтатындар табылар. Бірақ, қалтаға қонымды бағаға жайлы үй іздеу нағыз қияметке айналды.

БЛИЦ: 

- 50, 100, 150 мың, одан ары кете береді. Өзіміз 2 апта іздедік. Оң жағалау да, сол жағалаудан да іздедік. Екі жақта да бірдей қымбат. Оң жағалау онша емес, барлық қызықтың барлығы сол жағалауда.

- Мен өз басым қазір қиналып жүрмін. Әлі баспана таппадым. Сабағымыз басталып кетті. Әзірге тәулігіне жалдап тұрып жатырмын. Біраз ақшам кетіп қалды.

- Біз көктем кезінде қарағанда 200 мың ғана сұраған. Оның үстіне, депозит, риелтор қызметі үшін ақы төлемедік. Енді, басқа пәтерге көшу керек болғанда, студенттер келеді дегеннен бе, депозит 150 мың, риелтор да өз ақысын сұрайды. 300 мыңға пәтер жалдап, бірінші ай 350 мың төледік. Сәл қиындау болады ол жағы.

Енді таптық-ау дегенде, айлық құнымен тең депозит сұрайды. Амалсыз талапқа көнуге тура келеді. Ал, көшетін кезде қаржыны қайтару-қайтармау – пәтер иесінің қалауында.

НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Үйге кірген кезде, акт осмотра дейді. Соны жасап алған жөн. Мысалы, көлік сатып аларда, барлығын тексеріп шығамыз ғой. Үйді де тура солай қараған жөн. Неше терезесі бар, неше әйнегі бар, әйнектерінің барлығы бүтін бе, сызаттары немесе басқа да ақаулары бар ма — бәрін көрсету керек.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, орташа есеппен бір бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны 11 пайызға, 2 бөлмелісі 13, ал үш бөлмелі пәтерлер 10 пайызға өсті. Астанадағы баға алғаш рет Алматымен теңесіп, 350 мың теңгеге жеткен. Жалпы, 19 ірі қалада да өсім бар.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Бірақ, 350 мың теңгемен баға шектеледі десеңіздер, қателестіңіздер. Пәтер жалдау немесе жалға беру бойынша басты жарнама порталын қарасақ, 2 бөлмелі пәтерді бір айға алу үшін 400 мың теңге сұрайтындар да бар. Ал, мынау пәтердің ақысы екі еселеніп, 800 мың теңгеге жетті. Айтпақшы, пәтер иелерінің көпшілігі студенттерге жалға бергісі келмейді.

Күзде бағаның көтерілу әдетке айналып барады. Бірақ сарапшылар студенттердің оқуға қосылуы басты себеп емес деп отыр.

АЛЕКСАНДР ПАК, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БОЙЫНША САРАПШЫ:

Біздің нарықта осы жазда пәтер сатылымы күрт азайып кетті. Адамдар үйді сатып алмаса, өздерінің жалдап отырған пәтерлерінен де көше қоймайды. Осылайша, сұраныс азайып, бағаның көтерілуіне әкеліп соғады. 

Бағаны нарық реттейтін заманда, көнбеске амал жоқ. Сол бағаны төмендету үшін тек ұсыныс пен бәсекені арттыру керек, - дейді мамандар.