Қазақстанда әрбір 26-шы тұрғынның мүмкіндігі шектеулі. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жалпы саны 750 мыңнан асады. Соңғы бір жылда олардың саны тағы 12 мыңға артқан. Әсіресе, ерекше балалардың өсімі жоғары. Қоғамды алаңдатқан бұл үрдістің себебі неде? Қайтсек жас буынның денсаулығын жақсартамыз? Тілші Айсәуле Съезбек тақырыпқа үңіліп көрді.
Қазақстанда мүгедек азаматтардың 16 проценті бала. Санға шақсақ, 122 мыңнан асады. Бұл былтырғыдан 6,8 процентке көп. Мамандар бұл өсімнің негізгі бір себебі – ерте диагностика дейді. Яғни, балаларды 1,5-2 жасынан скринингтен өткізу арқылы оңалту да дер кезінде қолға алына бастаған. Осыдан 10 жыл бұрын ата-аналар қауымы диагнозды қабылдай алмай, алтын уақытты өткізіп алатын.
АЙГҮЛ КИНАЛИЕВА, АТА-АНА:
Әуелде мен баламның ерекшелігін қабылдай алмадым. Мен одан ұялдым. Тек психологтардың көмегімен бұл жолдан өттім. Қазір мен оны басқа балалармен салыстырмаймын. Ол оңалту балабақшасына барады. Сурет салып, жүзуді жақсы көреді. Мен оның ерекшелігін толық қабылдадым және осы жолдан өтуіне көмектесемін.
Мүгедек балалардың ішінде жүйке жүйесі ауруларының үлесі – 27 %. Екінші орында 24 %-пен психикалық мінез-құлық бұзылыстары. Ал туа бітті ауруға шалдыққан шақалақтар - 23 процентті құрайды. Әсіресе, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар саны көбейіп барады. Сондықтан диагностиканың жетістіктеріне тамсану жеткіліксіз. Салдарымен күресу керек, - дейді ұлттық ғылыми орталық басшысы Сырым Қажымұратұлы.
СЫРЫМ НӘСИ, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Болашақта бір пайымдама бар. 2050 жылы жер бетіндегі әрбір 10 мыңыншы азамат аутист болады деп. Аутизм әлі емделмейді. Оның қайдан пайда болатыны белгісіз. Бірақ бір белгілерінің бірі – урбанизация деп берілген. Адам жерден алшақтағанда, үлкен қалалар, шум пайда болғанда біртіндеп осы аутизммен ауыратын балалардың саны көбейеді. Біз болашақ ұрпақты ойлайтын болсақ халық ретінде онда біз бұл мәселеге ақырындап мән беруіміз керек.
Ерекше балаларды оңалтатын 34 республикалық орталық бар. Көбі мегаполистерде орналасқан. Сондықтан ата-аналар ем үшін қоныс аударуға мәжбүр. Салалық министрлік бұл мәселені шешу үшін биыл өңірлерде 150 орындық 4 мекеме салып жатыр. Тағы екеуінің жобасы дайындық үстінде. Жылына бір рет өткен оңалту баланың есінде де қалмайды. Сондықтан кәсіби мамандар командасы қашықтан қолдау пилоттық жобасын бастаған. Осылайша жыл он екі ай дәрігерлер мен психологтар ата-анаға онлайн үйрету арқылы көмек көрсетеді.
ӘСЕМГҮЛ ҚОЖАНОВА, АТА-АНА:
11 айында қойды бізге. Бірақ біздер тек 4 жасынан бастап орталықтарға келіп, реабилитация ала бастадық. Квота бойынша бізге жылына 1 рет беріледі. 2-3 рет берсе одан да жақсы ғой.
Бүгінгі балалар - ертеңгі ата-ана. Олардың ішіп-жегені, ұйқы режимі, тұрған жері болашақ буынның денсаулығына тікелей әсер етеді. Президенттің фас-фуд пен тәтті өнімдерді тұтынуға назар аударғаны да осыдан. Түрлі аурудың себебін тұспалдап болсын мамандар таба алмай жатқанда кемі қарапайым физиономиялық ережелерді сақтау керек, - дейді мамандар.