16 жастағы қызды өлтірген қызылордалық 20 жылға сотталды

Фото: el.kz

Қызылорда облысында 16 жастағы қызды өлтірген ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оған қоса 10 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.

Қылмыстық іс Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Қайғылы оқиға биыл маусым айында Шиелі ауданында болған. 2 маусым күні кешке 16 жасқа толмаған Балсұлу Өмірзақ үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Ертеңіне оның денесі Жақаев каналынан табылды.

Полиция күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында оның қылмысқа қатысы толық дәлелденген.

Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұраған.

Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы, яғни көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру бойынша кінәлі деп таныды.

«Қылмыс сотталушының кінәсін мойындауымен, жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнетаспалармен, қылмыстық іс материалдарымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді», – делінген сот хабарламасында.

Прокурор сотталушыға 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот бұл ұсынысты қанағаттандырып, ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 10 млн теңге моральдық шығын өндірілетін болды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін қылмысты ашып, күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылғаны хабарланған еді.