Бүгін – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

Фото: qazaqtimes.com

Бүгін – белгілі ақын, публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келген. Жастайынан көзі ашық, білім үйренуге құмар болған ол 1882-1884 жылдары ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алған. Осылайша бірқатар оқу орындарынан дәріс алған Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылы өзінің ұстаздық қызметін бастайды. Мұғалім болып жүріп қоғамда орын алып жатқан кейбір мәселелерден де шет қалған жоқ.

Ахаң, сондай-ақ, шебер аудармашы. Ол орыс классиктерінің шығармаларын ана тілімізге аударып, қазақ әдебиетінің дамуына да үлесін қосқан жан.

Қаламгердің алғашқы кітабы – "Қырық мысал" 1909 жылы жарық көрді. Кейін азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері "Маса" деген атпен жеке кітап болып шықты. 

"Масаның" негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті насихаттау, еңбек етуге үндеу болды. Байтұрсынұлының "Қазақтың бас ақыны" деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды. 

Бұдан бөлек, ақын ұйымдастырып, бас редактор болған "Қазақ" газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. "Қазақ" газеті халықтың рухын сергіткен құбылысқа айналды. Қаламгердің публицист, баспасөз ұйымдастырушысы ретіндегі еңбегі де ұшан-теңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор ретінде тарихта қалды.