Атырау вагон жасау зауыты Батыс Қазақстанда бірегей теміржол кластерін қалыптастыруда

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Атырау облысына іс-сапары аясында «TEXOL» компаниялар тобының «Махамбет» өндірістік-пайдалану кешені базасындағы Атырау вагон жасау зауытының тыныс-тіршілігімен танысты,-деп хабарлайды Атамекен.

2022 жылы негізі қаланған отандық машина жасау кәсіпорны бүгінде 600-ден астам жоғары білікті маманды жұмыспен қамтып, өңірдегі өнеркәсіптің дамуына серпін беріп отыр.

АВЖЗ айналасында вагондарға қызмет көрсету, жөндеу және сынақтан өткізу, сондай-ақ газ цистерналарымен жұмыс істеу бағыттарын қамтитын бірыңғай теміржол кластері қалыптасты.

Кластер құрамында «Махамбет» ППК базасындағы вагондар мен газ цистерналарына арналған жөндеу-сынақ пункттері, вагон-доңғалақ шеберханасы, бояу және жуу кешендері жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда 6 мың текше метр сұйытылған көмірсутек газын (СКГ) сақтауға арналған қоймалар және жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын вагондардың тұрақтау жолдары бар. Аталған жолдарда бір мезетте 1 500 вагонға дейін орналастыруға мүмкіндік қарастырылған.

Кластер құрамына Құлсары қаласында орналасқан, Қазақстандағы газ цистерналарына арналған ең ірі жөндеу-сынақ пункті саналатын «РИП-газ» ЖШС, сондай-ақ «Texol Steel Technology» ЖШС-нің құю өндірісі және Батыс Қазақстандағы ең ірі вагон жөндеу деполарының бірі – «Ақ-Жайық-7» ЖШС кіреді.

Қалыптасып жатқан кластер теміржол инфрақұрылымының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, вагондар мен арнайы жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жергілікті деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «TEXOL» тобы тасымалдау қауіпсіздігі бойынша өңірдегі көшбасшы саналады. Компания тасымалдарды қауіпсіз ұйымдастырудың SSTP (Safety System Transportation Program) бағдарламасын жүзеге асырып, цистерналарға далалық жағдайда қызмет көрсету үшін апаттық жағдайда әрекет етудің мобильді модулін (ММАВР) бірінші болып өндіріске енгізді.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде кәсіпорын өндіріс қуатын тұрақты түрде арттырып, Қазақстанның ішкі нарығын сапалы теміржол өнімдерімен және кешенді сервистік қызметтермен қамтамасыз етіп келеді.