Қазақстан құрамасының қоржынындағы алтын 32-ге жетті

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы ел қоржынына кезекті жүлделерін салып, алтын медаль санын 32-ге жеткізді.

Бүгін спортшылар көкпар, көкбөрі, тоғызқұмалақ, мангала және овари бойынша жүлделерге таласты.

Зияткерлік спорт түрлерінен жарыстар Ойындардың алғашқы күнінен басталып, бүгін шешуші кезеңдер өтті. Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 4 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды.

Мангала жарысында да ел спортшылары сәтті өнер көрсетті. Қазақстан құрамасының мүшелері 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Африка халықтарының дәстүрлі зияткерлік ойыны — овариден де қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалмады.

Көкбөріден өткен финалдық кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары өзара сынға түсті. Қырғызстанда кеңінен дамыған және елдің дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінің бірі саналатын көкбөріден қырғыз құрамасы шешуші ойында басым түсіп, алтын медаль иеленді. Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының еншісіндегі алтын медаль саны 32-ге жетті.