Алматыда криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген сайтқа қатысты іс тергеліп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Алматыда Alemcredit.com сайты арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деп уәде еткен алаяқтық схемаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Тергеу мәліметінше, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартылған. Жарнамаларда тиімді шарттармен қарыз берілетіні айтылған.

Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.

Алайда бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан айтарлықтай өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған.

Сонымен қатар мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.

Агенттік мәліметінше, қарыз бойынша қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған. Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған. Тінту барысында жаппай SMS-хабарламалар таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық микроқаржылық ұйым 70 адамның атына заңсыз несие рәсімдегені туралы жазған едік.

2026 жылғы 4 ақпанда белгісіз тұлға микроқаржы ұйымы арқылы Қазақстан Республикасының азаматының атына заңсыз несие рәсімдеген. Анықталғандай, жәбірленуші онлайн несие алу үшін өзінің биометриялық деректерін ұсынбаған. Оның орнына алаяқтық жолмен үшінші тұлғаның деректері пайдаланылған.