Арыс қаласында үш адамның өліміне мұғалім сотталды

Арыс қаласында мас күйінде көлік жүргізіп, 6 адамды қаққан мұғалім  сотталды. Сот 51 жастағы әйелге 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.  Сондай-ақ көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына шеттетілді. Қаза тапқандардың туыстары мен жарақат алғандарға 35 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлейді.  Алайда айыпталушының 14 жасқа толмаған, мүмкіндігі шектеулі қызының болуына байланысты жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді.

МАРАТ КҮЗДЕУБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Бибінұр Ізбасаровна Касымова бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді деп белгіленсін. ҚР ҚК 74 бабы 1 бөлігінің талаптарын қолданып Бибінұр Ізбасаровна Касымованың асырауында жас баланың болуына байланысты оған тағайындалған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасының орындалуы 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын.

Еске салайық, бұл оқиға маусым айында болды. Қала көшелерінің бірінде үй маңындағы орындықта әңгімелесіп отырған топ адамды жүйрткіп келген жеңіл автокөлік басып кеткен. Сол жерде  аяғы ауыр келіншек пен екі бала көз жұмды. Тағы екі әйел мен оның бір жарым  жастағы сәбиі ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Марқұмдардың туыстары сот үкімімен келіспейтіндерін жеткізді. 

АҚАЙША МАНАТОВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Менің бір өзімнің үйімнен үш адам кетіп отыр. Келінім, балам, одан екіқабат кетті деді, өздері тексеріп, өздері айтып отыр. Сонда үшеуіне 9 жыл деген аз ғой мүлдем. Оның жаны аман, өзі аман-есен жүр. Дені сау жүр. 12 жасар деген не ол?!. Ал менің 4 жасар балам күнде жылағанда менің қаным басыма шауып, өзім де ауырып сонымен бірге. Әділеттік деген қайда? Біз бұған қанағаттанбаймыз. Апелляцияға береміз.