Қазақстандық банктер депозиттердің сыйақы процентін төмендетіп жатыр

Қазақстандық банктер депозиттердің сыйақы процентін төмендетіп жатыр. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі тікелей әсер еткен. Маусым айында екінші деңгейлі 10 банк, шілдеде 4, күні кеше 11 қаржы ұйымы жинақ шарттарына түзету енгізген. Енді депозитте ақша ұстау тиімді ме? Отандастарымыздың қанша қаржысы банктерге сеніп тапсырылған? Тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

Ұлттық банк жылына 8 рет базалық мөлшерлермені белгілейді. Соңғы түзету 16, 25 процентке дейін түсті. Сарапшылар бұл күзгі жиын-терімге орай азық-түлік бағасының түсуімен байланысты дейді. Өзгерістер әдеттегідей банктердің депозиттегі сыйақы мөлшерлемесіне де әсерін тигізді. Енді керек кезде алып-сала беретін әмбебап жинақтар 14-16 пайыз аралығында пайда береді.

ДУЛАТ МЫҢБАЕВ, ҚАРЖЫГЕР:

Ал ұзақ мерзімге накопительный депозиттер бойынша бұл әр банктың өзінің клиенттеріне ұсынып отырған депозит мөлшерлемелері бар. Ол жерде 18-19-20 процентке дейін әлі сақталып тұр. Мерзімі бекітілген депозиттер деген бар. Бұл мерзімнің арасында 6 айдан 1 жылға дейін салымшы өз депозитін кері талап ете алмайды. Демек, ол жерде бекітілген пайыз бойынша банк ол депозитті пайдаланып отырады да, салымшыға сол келісілген пайыз бойынша төлем жасайды.

Сонымен депозит нарығында табыстың төмендеу үрдісі қалыптасқаны рас. Алайда ақшаны ұзақ уақыт алмай, өсірем деп келіскендердің пайыз шарты да тұрақтылығын сақтайды.  Ұлттық банк төрағасының сөзіне сенсек, қазақстандықтардың 30 трлн теңгесі бүгінде депозитте жатыр. Оның 96 проценті ұлттық валюта түрінде сақталған. Бұл – отандастарымыздың теңгеге деген сенімнің нығайғандығы болса керек.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Депозитті доллармен ұстау тарихта ең төменгі деңгейде тұр. Шамамен – 19%. 3–4 жыл бұрын бұл көрсеткіш 30–35%, ал 5–6 жыл бұрын 60% болатын. Шетел валютасында 5,9 триллион теңге ұстап отырған азаматтарға келсек, олар – негізінен ауқатты адамдар. Әрине, олардың теңгеде де жинағы бар, бірақ тәуекелді бөлшектеп, әртараптандыру үшін ақшаларын доллармен сақтағанды жөн көрген.

Халықтың көп бөлігі мерзімсіз депозиттерді таңдап отыр. Басты себеп – шарттардың қолайлылығында. Сыйақысын жоғалтпай, кез келген уақытта ақшаны шешіп алуға болады.