Стрим арқылы сауда жасау сәнге айналды

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2026

Үш триллион сегіз жүз миллиард теңге... Қазақстандықтардың онлайн-шопингке деген құштарлығы осындай салмақты цифрмен өлшеніп отыр. Елдегі электронды сауданың басым бөлігі әдеттегідей алып маркетплейстердің еншісінде қалғанымен, нағыз бизнес-дүмпу әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерде пісіп келеді.

Санаулы сәтте миллиондаған қаражатты айналымға жіберіп, көзді ашып-жұмғанша тауарын өткізіп үлгеретін бұл құбылыс қалай жұмыс істейді? Күнделікті лентаны ақтарғанда алдымыздан шығатын бұл «тікелей эфир саудасының» тылсым сырын Айғаным Тұрысбек айтады.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Бірнеше сағатта миллиондаған теңгенің саудасын жасау. Қазір бұл әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы мүмкін болып отыр. Стримерлер эфир кезінде тауарды таныстырып қана қоймай, көрерменмен байланыс орнатып, сатып алуға қызықтырады. Елде электронды сауда көлемі бір жылда 19,4 пайызға өскен. 2024 жылы 3,1 триллион теңге болған нарық көлемі былтыр 3,8 триллион теңгеге жуықтаған. Оның 86 пайызы маркетплейстер арқылы жүзеге асты.  Ал кәсіпкерлердің жеке интернет-ресурстары арқылы жасалған сауда  -14 пайыз. Тек тікелей эфир арқылы жасалған сатылым бойынша жеке статистика әзірге жүргізілмейді.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Әлеуметтік желі арқылы сауда жасауға да заң талабы -ортақ. Сатушы тауар туралы толық ақпарат беріп, өзі және өнімнің заңды алынғанын растайтын құжаттарды көрсетуі тиіс. Ал тұтынушыға төлемді растайтын құжат беріліп, тауарды қайтару мен айырбастау талаптары сақталуы керек.

АЙБАР ОЛЖАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Негізі Оңтүстік Шығыс Азияда Қытайда басталған. Белгілі бір сатудың әдісі Қазақстанға келген. Бізде де аудиториясы үлкен болатын сияқты. Себебі, шамамен 5 млн қазақстандық тиктокты белсенді түрде қолданады. Оның ішінде 10 пайызы стримдердің аудиториясына келсе ол 500 мың адам деген сөз. Әрине бұл сауда түрінің перспективасы бар.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Биыл жеті айда электронды саудаға қатысты тұтынушылардан 4 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы жасалған саудаға қатысты өтініштер жеке есептелмейді. Сарапшылар бұл формат электронды коммерцияның жаңа бағытына айналуы мүмкін дейді. Себебі тікелей эфир сатушыға аудиториямен байланыс орнатуға, ал сатып алушыға тауарды нақты уақытта таңдап алуға мүмкіндік береді.