200 шаршы метрлік алып киіз, жасанды интеллект және ұлттық өнер. Астанада Жамбыл облысының мәдениеті мен креативті әлеуетін танытқан көрме өтті. Бір алаңда дәстүрлі қолөнер мен заманауи технология тоғысты. Көрмеде КИНЭС рекордтар кітабына енген алып киіз көрсетіліп, жастардың жасанды интеллектке негізделген жобалары таныстырылды.
Әулиеата өнері Астанада төрге шықты. «Асқақ рухты Әулиеата» көрмесінде Жамбыл өңірінің қолөнері мен заманауи туындылары паш етілді. Шараның басты ерекшелігі көлемі 200 шаршы метрлік алып киіз. Оны жергілікті шеберлер жасап, КИНЭС рекордтар кітабына енгізген.
ҒАЛИЯ АБЫЛАЙ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Біздің Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасы өзінің креативті жобаларын алып келді. Оның ішінде алтын қор цифрлы кітабы бар. Бұл кітаптың жарық көргеніне биыл, жыл басында жарық көрген болатын. Оның негізгі мақсаты, жергілікті ақын жазушылардың шығармашылығын насихаттау, сақтау, және ерекшелігі ол жерде ақындар, жазушылар өз дауыстарымен дыбыстап, өз шығармаларын енгізеді. Ол оқырманға 3 түрлі бағытта жол тартып отыр. Диск, флешка және кьюар код бағытында.
Көрмеде жастардың технологиялық жобалары да көрсетілді. Тараз университеті жасанды интеллект жүйесін, Шерхан Мұртаза орталығы IT мен руханиятты ұштастырған бастамасын, ал колледж студенттері мамандық таңдауға көмектесетін бағдарламасын ұсынды.
МАХАББАТ АЙТБАЕВА, ЖАМБЫЛ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жобаның бірінші мақсаты әрбір студенттің өзінің ақылды камера арқылы дип фейс және медиапайп технологиялары негізінде сол камераның көмегімен әр бір студенттің бет әлпеті түсіріліп, біздің колледждің психологының жеке кабинетәне түсіп, арнайы психологтың көмегімен құрылған 15 сұрақтан тұратын анкетадан өту барысында әрбір студенттің сол сәттегі көңіл-күйі психологиялық жәй-күйі зерделенеді.
Жиында жергілікті қолөнер бұйымдары, «ASPARA» брендінің киімдері мен отандық анимация да қойылды. Шара ұлттық мұра мен цифрлық технологияны бір алаңда тоғыстырды.