«Алматы — Бішкек» трассасында құрылыс жұмыстарына байланысты жыл соңына дейін жүк көліктері жүре алмайды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
11 қыркүйектен бастап құрылыс жұмыстары басталады. Республикалық маңызы бар «Алматы - Бішкек» автомобиль жолының 25-шақырымында, Қаскелең қаласы маңында, көлік айрығының монолитті аралық құрылысын орнату жұмыстарына байланысты ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жыл соңына дейін шектеледі.
Шектеу биіктігі 4,5 метрден және ені 8 метрден асатын көлік құралдарына қатысты.Жеңіл және жолаушылар көлігіне, сондай-ақ белгіленген габариттен аспайтын жүк көліктеріне шектеудің қатысы жоқ.