Қазақстанда заңсыз қару-жарақ жасырылған орындар анықталды

Фото: ҰҚК

Қазақстанда құқық қорғау органдары заңсыз айналымдағы қару-жарақты анықтау және тәркілеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Шымкент пен Петропавл қалаларында қару-жарақ жасырылған орындар табылды.

Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, сондай-ақ олар жасырылған орындарды анықтау бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде.

Шымкент қаласының Тұран ауданында автомобиль жолының жанындағы арықтан қару-жарақ жасырылған орын табылды. Ол жерден үш аңшылық мылтық, шолақ мылтық және тапанша тәркіленді. Аңшылық мылтықтардың бірі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару-жарақ дүкенінен ұрланғаны анықталды.

Шамамен осы уақытта Петропавл қаласындағы ашық аумақтан аңшылық мылтық, нөмірлері өшірілген екі шолақ мылтық, оқ өтпейтін кеудеше және 27 оқ-дәрі табылды.

ІІМ заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.

Сонымен қатар 20 сәуірден бастап жыл соңына дейін халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өтіп жатыр. Бүгінгі дейін азаматтар шамамен 900 қару мен 6 мыңға жуық оқ-дәріні тапсырған.

Заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу жұмыстары жалғасады.