Екібастұзда 4 жастағы балаға қатыгездік танытқан жаттықтырушы сотталды

Екібастұзда 4 жастағы балаға қатыгездік танытқан жаттықтырушы сотталды. Сот оған 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Алайда, жаңадан қабылданған Конститутцияға сәйкес ол рақымшылыққа ілінді. Бірақ,  баланың анасы бұған наразы.

Бұл оқиға осыдан 1 жыл бұрын болған. 4 жастағы Айлана Екібастұздағы оңалту орталығына барған.  Алайда, туғанынан мүгедектігі бар баланы жаттықтырушы қинаған.  Үстіне отырып алып, балаға қауіпті жаттығулар жасаған.  Осыдан кейін  тілі әлі шықпаған  бүлдіршін дене жарақатын алыпты. 

САМАЛ НҰРАШЕВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Сот үкімімен келісем. Бірақ, сотталушының рақымшылыққа ілігіп, жазадан сытылып кетуіне қарсымын. Қазір балам бөтен ер адамдардан қорқады. Қашып кетуге тырысады. Түнде ұйықтай алмайды. Қорқынышты түстер көреді. Осы жағдайдан кейін бізге оңалу оңай болмай тұр. Сонда да қызымның денсаулығы үшін бар қаражатымды жұмсап,  оның сауығып кетуіне әрекет жасап жатырмын.

Сот барысында 19 жастағы жаттықтырушы кінәсін мойындамады. Баланы қинамағанын айтып, ақталды. Алайда, сот жас жігітті деп кінәлі деп таныды.

ЖҰЛДЫЗ КАМАЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘМЕЛЕТ ЖАСЫНА ТОЛМАҒАНДАР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сот Иханова Айбек Нариманұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 140 бабы 2 бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған  1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Оған қоса 3 жылға дейін педагогикалық жұмыстармен  және кәмелет жасына толмаған балалармен жұмыс істеуге тыйым салынады.

Жаңа қабылданған Ата заңға байланысты  сотталушы жазадан босатылды. Алайда, пробациялық тіркеу қызметіне тұруы керек. Сондай-ақ, зардап шегуші тарапқа 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын төлеуге міндеттелді.