Шымкентте көпқабатты үйлердің маңында жылқы жайылып жүр: тұрғындар наразылық білдірді

Шымкентте көпқабатты үйлердің маңында үйірімен жылқы жайылып жүр. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызды.

Әлеуметтік желіде жарияланған бұл видео  Тұран шағын ауданы аумағында түсірілген.  Қамбар ата төлі бұл маңда түнде ғана емес күндіз де жайылып жүреді дейді  автор. Бастапқыда саны аз болғанмен кейін үйірге айналыпты. Жылқылар асфальт жолда көліктерге кедергі мен қауіп төндіретіні аздай,  көгалдарды таптап, жеп, жайпап жатқанына ашынады тұрғындар. Бұл жағдайға  байланысты полиция жауап берді. Мал иелері анықталған.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Әлеуметтік желілерде таралған жылқылардың қала аумағында қараусыз жүргені туралы ақпарат полицияның назарына алынды. Аталған жайт бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, қала аумағында 20-ға жуық жылқының қараусыз жайылып жүргені белгілі болды. Полиция мал иелерін анықтап, оларды ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.