Батыс Қазақстанда 150 дәрігердің орны бос тұр

Өңірлерде дәрігер жетіспейді. Әсіресе салалық медицина мамандары, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог пен педиатр қат.  Жергілікті әкімдіктер мен денсаулық басқармалары маман тапшылығын азайту үшін түрлі шараларды жүзеге асырып жатыр. Сонда да дефицит толық жойылмай отыр. Аймақтағы ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағанды облысында 100 ден астам дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе салалық бейінді мамандар жетіспейді. Ауылдық жерлерде ғана емес кей қалалық емханалардың өзінде тапшы. Салдарынан тұрғындар тиісті кеңес алу үшін апталап күтеді.

Мұндай дефицитті жою оңайға соқпай тұр. Былтырдан бері облыс әкімдігінің қолдауымен «Дипломмен ауылға»  3 жылдық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ауылдар мен моноқалаларға барған әрбір жас дәрігерге 1,5 миллионнан 8,5 миллион теңгеге дейінгі көтермеақы беріледі. Осының арқасында ауылдағы жұрт 60 тан астам медицина қызметкеріне қол жеткізді. 

ЛЕЙЛА ОСПАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әлі де 144 дәрігер штатының тапшылығы бар. Әсіресе жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, педиатрлар, сондай-ақ жекелеген салалық мамандар аса қажет.Біз аудандар мен ауылдық жерлерді кадрмен қамтамасыз етуге ерекше назар аударамыз.

Аймақта “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында 92 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынды. Оның 25- і бұрын ешқашан дәрігер болмаған ауылдарда ашылды.

АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:

Шалғай елді мекендерде әлі де медициналық қызметке мұқтаждық бар. Сондықтан өңірде телемедицина белсенді қолға алынды. Яғни бейінді мамандар облыс орталығынан ауылдарға барып тұрғындарды қарап тұрады. Алдағы жылы осындай ауылдарға да мамандар тарту жоспары бар. Ал Батыс Қазақстанда кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр, ол туралы әріптесім Еркін Қарин айтады.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Айжан, Оралда да жағдай мәз емес. Облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 155 дәрігердің орны бос тұр. Бұлар - жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинеколог, хирург пен терапевтер. Маман тапшылығы әсіресе ауыл-аудандарда қатты білінеді.

Ауылға барған дәрігерге үй беріліп, ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде әлеуметтік қолдау төленеді. Бірақ жастар жағдайы жасалса да, ауылда қалғысы келмейді. Осының кесірінен басы ауырып балтыры сыздағандар алдымен ауданға барады. Іздегенін таппаса, басқа ауданға баруға немесе қаладағы дәрігерге қашықтан қаралуға мәжбүр.

КҮНСҰЛУ НИЯРОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жас мамандар барғанда жаңа медициналық техникамен жұмыс істеп, жаңа инновациялармен істегісі келеді. Олардың бәрі ауылдық жерде қолжетімді емес. Сондықтан олар өздері дамығысы келіп, облыста жұмыс істегісі келеді, ауылдық жерге қарағанда. Қалаға кетуге тырысады.

Білікті мамандар қалаға да жетпейді. Тілегені іздесе де табылмаған науқастарды аурудың азабы аздай, дәрігердің жоқтығы да қинап жүр

МАҚСАТ ОРАЗБАЕВ, №3 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ДИРЕКТОРЫ:

Бізде енді көбінесе қазір ең басты проблема болып тұрғаны - жалпы тәжірибелік дәрігерлер. Жалпы біздегі барлық тәжірибелік артық жүктемемен жұмыс істейді. Жетіспейтін мамандар болса, онда біз жаңағы келісімшарт арқылы басқа да емдеу мекемелерінің дәрігерлеріне жібереміз.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Былтыр облысқа келген 191 дәрігер жұмысқа орналастырылған. Оларға 1 миллиард теңгеден астам бірреттік өтемақы төленіпті. Биыл резидентураға түсе алмаған түлектер елге оралса, шенеуніктер ғана емес, ауылдағы ағайын да қуанары анық.