Жетісу облысында мас күйінде қайта рөлге отырған жүргізуші жауапқа тартылды

Polisia.kz.

Ескелді ауданында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды.

Жыл басынан бері Жетісу облысында алкогольдік масаң күйде көлік басқарған, бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдарға қатысты 21 қылмыстық іс тіркелді. Осындай кезекті факт Ескелді ауданында анықталды.

Түнгі уақытта Алдаберген ауылында патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Carina автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушінің жүріс-тұрысы күдік тудырып, ол медициналық куәландырудан өтуге жіберілді. Сараптама нәтижесінде ер адамның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Тексеру барысында оның Жастар ауылындағы үйінде алкогольдік ішімдік ішіп, кейін көлік тізгініне отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар жүргізушінің бұған дейін мас күйінде көлік басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Соған қарамастан, ол қайтадан мас күйінде рөлге отырған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жетісу облысының полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік басқармауға шақырады. Мас күйде көлік жүргізу — өз өміріңізге ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына да төнген үлкен қауіп.