Елімізде дәнді дақылдардың 61,6%-ы жиналып, 13,5 млн тонна астық бастырылды

Үкімет

Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасуда. Диқандар ағымдағы маусымдағы егін жинау және ішкі нарықты астықпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған басымдықтардың қатарына жатады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 9 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде егін жинау науқаны жалғасуда. Шаруалар 9,6 млн гектар алқаптан дәнді дақылдар жинаған, бұл жалпы көлемнің 61,6%-ы. Бүгінде орташа өнімділігі гектарынан 14,1 центнер болатын 13,5 млн тонна астық бастырылды.

Биылғы егін жинау жұмыстарының қарқыны 2025 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен едәуір озық тұр. Орылған астықтың сапасы да бірдей.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 2,83 млн тонна астық келіп түскен. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың ұқсас кезеңінде қабылдау көлемі 552,7 мың тоннаны құрады. Осылайша, түскен астық көлемі бес еседен астам өсіп отыр.

Егіннің сапасына ерекше назар аударылады.

Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша алынған жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түлік класына жатады.

Азық-түлікке арналған бидай құрылымында 75%-ын үшінші сыныпты бидай, 18%-ын төртінші сыныпты бидай құрайды. Бесінші сыныпты бидай мен сыныпқа жатпайтын астықтың үлесі – 7%.

Зерттелген жұмсақ бидайдың 51%-ында клейковина мөлшері 28%-дан жоғары екені анықталды. Тағы 23,6%-ында бұл көрсеткіш 25-27% деңгейінде, ал 25,4%-ында – 23-24% болды.

Бұл көрсеткіштер жаңа егіннің азық-түліктік әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп, ішкі нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, астық жинау, қабылдау және сақтау қарқынын, оның сыныптылығын, сондай-ақ шаруашылықтардың қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуін тұрақты бақылауда ұстайды.