Жетісу облысында биыл бейнебақылау камералары арқылы 281 қылмыс ашылды

Polisia.kz

Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи цифрлық технологияларды пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Осы жылдың 8 айында облыс аумағында бейнебақылау камераларының көмегімен 281 қылмыс ашылып, 24 434 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде полиция департаментінің Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары аталған кезеңде 193 қылмыстың ашылуына ықпал етіп, 10 814 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдау процесін жетілдіру мақсатында “Омниканалды” жоба іске асырылуда. 2026 жылы аталған жүйе арқылы 542 хабарлама тіркеліп, оның 439-ы “Заң мен тәртіп” мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен. Азаматтардың белсенділігі мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктері құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және полиция мен халық арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген адамдарды анықтап, олардың тарапынан жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Полиция “Заң мен тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.