Елордада «Astana Finance Days қаржы форумы басталды. Ауқымды іс-шара инвесторларды, қаржы және технология секторларының өкілдерін, мемлекеттік және квазимемлекеттік институттарды, сондай-ақ халықаралық бизнесті біріктіруге бағытталған. 9 қыркүйекте басталған 9- форум жайлы Сержан Айтжан айтады.
СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:
Елорда бүгін әлемдік қаржы сарапшыларының басын қосқан үлкен алаңға айналды. Мұнда Цифрлық активтер, жасанды интеллект, токенизация мен жаһандағы жаңа жобалар жайы талқыланады. Сондай ақ отандық стартаптарға серпіліс жасайтын серіктестер мен игілікті іске инвестор болғысы келетіндер де бой көрсетеді.
Бұл форум бұрынғыдан өзгерек. Өйткені сәуірде Астана халықаралық қаржы орталығы бастапқы даму кезеңіндегі геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін, шағын компаниялардың өтінімдерін қабылдады. Платформа жаңа компанияларды отандық және халықаралық инвесторлармен байланыстырады. Бас аяғы 48 жобаның 23-і іріктеуден өтіп, форум аясындағы питч-сессияда инвесторларға таныстырылады.
ОЛЕГ ХУСАЕНОВ, «ЗУБР КАПИТАЛ» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қазақстанда бір келісімді жүзеге асыруға жақын қалдық. Бірнеше айдан кейін нақты жариялай аламыз. Әзірге айтарым, ол адамдарға бір пункттен келесі пункте қалай жылдам жетуге болатынын көрсететін қосымша болады. Мұндағы жастар өте талантты сондықтан бір жобамен тоқтап қалғымыз келмейді.
Астанаға ат басын бұрғандар бизнестегі біліктілігі мен байланысын арттырғысы келеді. Форумға 90 мемлекеттен 8000-нан астам қатысушы жиналды. Оның ішінде активтер көлемі $15 трлн-нан асатын әлемдегі ең ірі BlackRock компаниясы да бар. Елге қаржы құюға ниеттілер бір ғана сферамен шектелгісі келмейді.
МЕШАЛ ДЖАБЕР АЛЬ-ФАРАС, JANUS HENDERSON INVESTORS КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТАЯУ ШЫҒЫС, АФРИКА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША БАСШЫСЫ:
Біз Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруға мүдделіміз. Қазір Қазақстан Үкіметімен байланыс орнатып, мұндағы қызметімізді қалай кеңейте алатынымызды талқылап жатырмыз. Яғни, Қазақстанда бұдан да ауқымды жұмыстар атқарып, ел экономикасына тікелей инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастырғымыз келеді.
Қаражат -қай салада болмасын негізгі құрал. Ал оны жүйелеп жұмсау мен айналымға енгізуді білім мен технология тетіктерінсіз елестету қиын. Аграрлы саладан бастап, мемлекеттік басқаруға дейін қаржы нарығын дамыту аса маңызды.
ЖАНБОЛАТ КАКИШЕВ, АХҚО ӨНІМДЕР ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қандай мүмкіндіктер бар? Бірақ, Қандай қиындықтар бар екенін де тура ашып айтып жатырмыз. Қызығушылық өте көп. Ұлыбритания, Қытай, АҚШ елдерінен көп делегаттар келіп жатыр. Біз үшін ол мүмкіндік.
Бүгін басталған жиын ертең де жалғасады. Бүгінгі бастама елдің ертеңіне жол ашады.