Қазақстандықтар автонесие алуды азайтты

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2026

Қазақстандықтар автонесие алуды азайтқан. Банк талаптары күшейген соң, темір тұлпарға сұраныс та бәсеңдеді. Биыл көлік алуға берілген өтінімдер саны 9 пайызға, ал берілген автонесие көлемі бірден 24 пайызға төмендеген. Бір жыл бұрын ғана қарқынды өскен нарық қазір кері шегініп отыр.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Көлікке әркімнің-ақ бар таласы бар. Алайда елде  темір тұлпар мінгісі келгендердің қатары азайған. Сарапшылар мұны көлік бағасының қымбаттауымен ғана емес, оны несиеге сатып алудың қиындауымен де байланыстырады. Себебі бір жылдың ішінде автонесиенің орташа мөлшерлемесі 18,8 пайыздан 24,4 пайызға дейін өскен.

САНАТ НҰРБАЙ, АВТОСАРАПШЫ:

Кредит алғаннан кейін банктің пайызынан бір ұтылатынын түсінді. Өйткені 10 млн көлігін 18-20 млн етіп қайтаратынын енді түсініп жатыр. Көлікті алғашқы қарқынмен алып алғандар ол кездегі 15 млн көлігі 10 млн түсіп қалды. Көз алдында көліктің бағасы күрт төмендеді. Көліктің бағасынан бір ұтылды, банктіің пайызынан екі ұтылған ағайындар. Енді 26 жылы несиеге деген сұраныстың азаюын осымен байланыстыра аламын. 

Сарапшылардың сөзін сандар да растап отыр. Бір жыл бұрын нарық керісінше қарқынды өсіп, өтінімдер саны 50 пайыздан астам көбейді. Ал қазір автонесиенің ауыртпалығы туралы шағым көп.  Бірі төлемді кешіктіріп көлігінен айырылған, енді бірі банкпен келісімге келудің қиындығынан шаршаған.

БЛИЦ:

- Ешқашан автокредит алмаңыздар. Уақытын кешіктірсе тартып алады.Келісімге келмейді. Сөйлескісі келмейді. Машина сатылып кететіндей уақыт созады.

- 1 жыл болды автокредит төлемей отырмын. Неше түрлі қорқыту болды. Қазір ешкім шықпайды. Білмеймін не болып жатқанын.

- Бізде де автокредит бар. Бір күн кешіксең туысқандарға звондап, процент көбейеді. Алғаныма өкіндіріп жіберді.

- 1 жыл болды төленбегелі. Машинаны алып қойды. Алмай тұрып график сұрағанбыз бермеді.

Биыл берілген автонесие көлемі қысқарып, 886 миллиард теңге болды.  Банктердің мақұлдау үлесі төмендеп, несие алушылардың ай сайынғы төлемі орташа жалақының 30 пайызына жетті. Яғни автонарықтағы бәсеңдеуге бір ғана фактор себеп емес.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Клиенттерге банк тарапынан шарттардың жоғары болуы оларда несиелік тарихы дұрыс болмаса автонесие алу мүмкіндігінің азаюы. Көлік әкелетін компаниялардың логистикалық шығынының  қымбаттауы. Тасымалдау оны әкелу басқа қосыма салық төлеу.  Жалпы басқа да параметрлердің көп болуы нарықтағы суынудың ұзақ мерзімде болуына әсерін тигізетін фактор.

Бір қызығы, несие сұранысының бәсеңдеуіне қарамастан, елдегі автоөндіріс қарқын алған. Алты айда отандық зауыттар 138,7 мың автомобиль шығарып, өндірісті екі есеге  арттырды. Дегенмен, несие жүктемесінің артуына байланысты мерзімі өткен берешек үлесі де 3 пайызға дейін өсті. Сарапшылар жылдың екінші жартысында банктер мен дилерлердің бірлескен акциялары қайта жанданып, сұраныс сәл де болса қалпына келуі мүмкін екенін айтады.