Биыл 6 айда Астанаға 32 665 адам көшіп келген

Қазақстанның ірі қалалары резеңкеше созылып барады. Соңғы 2 жылда елордалық боламыз деп 190 мың азамат көшіп келген. Ал туған өлкесінен үлесін алып кеткендердің көбі – Түркістаннан.  Урбанизация үрдісі белең алғанда қала мен ауыл қандай өзгерістерге ұшырап жатыр? Көшем деп ниеттенгендер неге дайын болу керек? Айсәуле Съезбек тарқатады.

Еліміздің әрбір оныншы тұрғыны мегаполистерге бет бұрған. Халықтың 60 проценттен астамы – қалалық.  Әсіресе, әйгілі 4 қалаға ағылып келіп жатқандар нөпірі жоғары. ГРАФИКА:  Биыл 6 айда елордаға  - 32 665, Алматы обласына - 15 490, Алматы және Шымкент қалаларына 6 мыңнан астам адам қоныс тепкен. Ресми тіркеуге тұрмай жүргендері қаншама.

ДАРХАН АТАҚҰЛОВ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ ХАЛЫҚ СТАТИСТИКАСЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ САНАҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

2026 жылдың қаңтар-маусымында ел ішінде ең көп көшіп кетушілер саны:  Алматы қаласында – 65182 адам. Түркістан облысында – 57 591 адам, Астана қаласында – 57 188 адам , Алматы облысында – 51 279 адам тіркелді.

Ішкі миграция – табиғи процесс. Ауыл-аймақтан үдере көшкендердің басты мақсаты – сапалы білім мен тұрақты жұмысқа қол жеткізу.  Экономикалық теңсіздік пен инфрақұрылымдағы айырмашылық көпшіліктің тәуекел етуіне түрткі болған. Ал шетел асқандар саны жыл басынан бері 6 мыңға жуықтады.

БЛИЦ:

- Шымкентен келдім. 15 жыл болып қалды көшіп келгенімізге. Балаларымыз дамысын дедік. Аллаға шүкір. Өсіп-өніп жатырмыз.

- Қалада бәрін оңай ала аласың магазиндерден. Ал ауылда ондай жағдай жоқ.

- Сарыағаштан 10 жыл болды. Жұмыс істейміз. Өзімізге ұнайды. Ауылға барғымыз келмейді. Осы жақта қалып кеттік қой.

Мамандардың сөзінше, біздегі урбанизация стихиялық сипат алып барады. Яғни, көші-қонға қаланың даму қарқыны ілесе алмай жатыр. Мектептерде орын жоқ, емханаға қаралу – мұң. Баспана бағасы да шарықтап, тапқан-таянғаны шығынынан аспай, ауылға қайтатындар да аз емес.   

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Әрине коммуналдық мәселелердің бар екені белгілі. Бір аудан, бір қалаға жарты жылда көшіп келіп жатыр деген сөз. Ал сол ауданды қамтамасыз ететіндей жарықтарды қазір қала бере алмай жатыр. Ал оны шешудің басты бір жолы, энергияны үнемдеу. Бізде әлі де ысырапшылдық бар. Суды да көп ағыза береміз, жарықты да жарқыратып қоямыз. Яғни, азаматтарды осындай мәдениетке үйрету керекпіз.

Елдегі игілікті көріп, жайлы өмір сүруге әркімнің таласы бар. Дегенмен үлкен қалаға келерде нақты жоспар болғаны дұрыс, дейді демограф. Жылтырағанның бәрі алтын емес, алып шаһардың аямайтын тұстары да бар.

ШЫНАР ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ, ДЕМОГРАФ:

Үлкен қалалардың өмірі ол басқаша. Роскошь деп айтамыз ғой. Ең күшті сапалы өмір де осы жерде. Жағдайы жақсы адамдар да осы жерлерде өмір сүреді. Соны көріп, соған ұмтылуға тырысқан жастардың саны өсуде. Олар өмірінің сапасын жақсартқысы келеді. Бұның барлығы Еуропа елдерінде урбанизация бұрын болып кетті. Оларда халықтың 85-90 проценті қалада тұратын елдер бар.

Қалалардың кеңеюі тоқтаусыз процесс. Бастысы - агломерацияларды ақылды басқару және шағын қалаларға инвестиция құю. Себебі тұрақты урбанизация – бұл тек бетон мен асфальт емес, бұл әрбір азаматтың өмір сүру сапасы.