Енді балаларға арналған фастфуд жарнамасы шектеледі

Елімізде 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың төрттен бір бөлігі артық салмақтан азап шегеді. Ал жасөспірімдердің 17 пайызға жуығы энергетикалық сусындарды апта сайын ішеді.  Денсаулық сақтау министрлігі  балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеу бойынша нормалар ұсынды.

Қала тұрғыны Құндызай Барақова да - жылдам дайындалатын тағамдарды жиі тұтынғандардың бірі. Алайда ағзасы дабыл қағып, денсаулығы нашарлай бастаған соң бас тартқан.  Енді балалар үшін алаңдайды. Өйткені көшедегі көрнекі жарнама мен әлеуметтік желідегі тартымды роликтер кішкентайлардың тәбетін бірден ашады. Бұл дертпен тек бір отбасы болып емес, бүкіл қоғам болып күресу қажет деп есептейді.

ҚҰНДЫЗАЙ БАРАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Тәтті болып кеткен кезде, коланы көп тұтынғанда, майлы болады. Бетіңе бірдеңе шығады. Ішкі құрылыстарыңа зиян. Сондықтан көп тұтынбаймыз. Отбасымызбен тұтынбаймыз.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі төбе шашты тік тұрғызады. 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 23 пайызы артық салмақ жинаған, ал 6 пайызы семіздікке шалдыққан. Оған қоса, жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусын ішеді.

ГҮЛНАР СӘРСЕМБАЕВА, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоларда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды.

Елімізде 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған, ал мектептерде жаңа тамақтану стандарты күшіне енді. Алайда, бизнес үшін бұл оңайға соқпайды. Кей сарапшылардың бағалауынша, шектеулер салдарынан теледидардағы жарнама нарығы 30 пайызға, ал сыртқы жарнама нарығы 50 пайызға дейін қаржылық шығынға ұшырауы мүмкін.  Сондықтан мәселені жарнама шешпейді дейді.

АЙБАР ОЛЖАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Негізі фастфудты ұнататындарға, оның жарнамасы қатты керек емес. Себебі, бәрі сыртқы жарнамасыз -ақ қай фасфуд қайда барын біледі. Сондықтан адамдар фасфудты жарнамасына қарап ешқашан алмайды.

Фастфуд жарнамасына шектеу қою әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Заңнамалық өзгерістер бизнеске қаншалықты әсер ететіні әлі талқыланады.