Павлодарда жылқышылар әулеті “Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпазы атанды

Павлодарда жылқышылар әулеті “Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпазы атанды. Кенжебаевтар әулеті атам заманнан бері мал баққан. Ата кәсіпті нәсіп еткен әулет көпке үлгі.  Бүгінде ұл, қыз өсіріп, ұрпағының қызығын көріп отыр.

Отағасы Бектемір  - жылқышы. Еңбек жолын көлік жүргізушісі болып бастаған. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезінде ата кәсіпке бет бұрып, мал баққан. Соның арқасында кәсібінің нәсібін көріп отыр.

БЕКТЕМІР КЕНЖЕБАЕВ, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Бәрі отбасынан басталады. Осы күнге жетудің өзі еңбек және үлкендердің берген тәлім тәрбиесі. Тәрбиенің бәрі отбасынан басталады ғой. Кішкентай кезімізден әке-шешеміз олай істеуге болмайды. Бүйтеңдер деп үйретті. Сол кісілердің тәрбиесі деп ойлаймын.

Жұбайы Шайза Кенжебаева да ерте еңбекке араласқан. Мал бағып, сиыр сауып, кейін мектепте  шаруашылыққа жауапты маман ретінде еңбек етті. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр.

ШАЙЗА КЕНЖЕБАЕВА, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Совхоз құлдырағаннан кейін 95-те біз жайлауға көштік. Енді 5 баламызды жеткізу керек. Ауылда жұмыс жоқ. Қол қусырып отырған жоқпыз. Сол 95 тен бері әлі күнге дейін шалым мал бағып келеді.  Мен жыирма жыл жанында болдым. Сол еңбектің арқасы балаларымызды оқыттық. Өсірдік. Бір бір диплом әпердік бәріне.  Әр салада қызмет жасап жатыр. Шүкіршілік тәубе деймін.

Бектемір мен Шайзаның шаңырақ көтергеніне биыл 44 жыл. 4 ұл, бір қыз өсірген. 

ШАЙЗА КЕНЖЕБАЕВА, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Үш келінім бар. Сол жағымда бір қанатым, оң жағымда бір қанатым демекші үшеуінде отау қылып, жеке шығардық. Бір ауылда тұрамыз. Аты жеке тұрады. Обедке осы үйге жиналады бәрі кешкі тамаққа осы үйге жиналады. Немерелерімді осы үйге әкеліп тастайды. 

Қазір бұл әулеттің шаруашылығы  балаларының қолында. Әкесіне тартқан ұлдар да жылқы бағып, ата кәсіпті жалғастырып келеді. Ал атасы немерелеріне  қамшы өруді үйретіп жүр. Одан қалса, қазақы тазысын ертіп, аңға шығады. Бұл нағыз мерейлі отбасы тірлігі болса керек.