Түркістанда 6 және 7 жастағы қыздардың зорланғаны айтылды

Фото: freepik

Түркістан қаласы мен облысының бірнеше ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық жасады деген күдікпен ер адамдар ұсталып, қамауға алынған. Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Ләззат Рақышева жазды.

Оның мәліметінше, Түркістан қаласында 61 жастағы ер адам 6 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілініп, қамауға алынған. Сауран ауданында 53 жастағы азамат 7 жасар қызға қатысты осындай қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.

Ал Шардара ауданында 31 жастағы ер адам 16 жастағы жасөспірімге қатысты зорлық әрекетін жасады деген күдікке ілінген.

Адвокат бұл оқиғаларға байланысты балалардың кейінгі тағдырына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұған дейін Түркістан облысында жыныстық зорлықтан зардап шеккен екі баланың ата-анасы күдіктілерден ақша алып, қылмыстық істі жеңілірек бапқа қайта саралауға келіскен жағдайлар болған.

Рақышеваның сөзінше, бір отбасына 5 миллион теңге, екіншісіне 2 миллион теңге көлемінде ақша ұсынылған. Ата-аналар күдіктілерді кешірген. Адвокат бұл деректерді өзінің бұрынғы құқық қорғау тәжірибесі аясында айтып, мұндай жағдайлардың бала құқығына кері әсер етуі мүмкін екенін көтерді.

«Ең бастысы – бұл балалардың кейінгі жағдайы не болды? Оларға психолог көмегі көрсетілді ме? Ақша баланың денсаулығы мен оңалуына жұмсалды ма?» деген мәселе көтерді ол.

Ләззат Рақышева сондай-ақ осындай істерде ата-аналардың қабылдайтын шешімі баланың мүддесіне қайшы келмеуі керегін атап өтті. Оның пікірінше, жыныстық зорлықтан зардап шеккен балаларға тек тергеу кезінде емес, одан кейін де ұзақ уақыт бойы психологиялық көмек қажет.