«Треш-стримингке» заңмен тосқауыл қойылмақ

Фото: ашықдереккөз

Бүгінде TikTok, Instagram және YouTube желілеріндегі тікелей эфирлер өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мәжіліс депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке арнайы депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желідегі заңсыз әрі анайы контентке тосқауыл қоюды талап етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де қатаң сақталуы тиіс. Алайда, қазіргі таңда кейбір стримерлер лайк, қаралым және дөрекі контент арқылы ақша табу үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды қорлауды, тіпті қауіпті пранктер жасауды әдетке айналдырған.

Осы мәселе бойынша депутат өз сауалында:

«Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр», — деп атап өтті.

Сауалда шетелде пранк жасап, ел абыройына нұқсан келтірген оқиғалар да мысалға келтірілді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеде АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы (FTC) мен Еуропалық Одақтың Digital Services Act (DSA) заңнамалары платформалар мен авторларға қатаң талаптар қоятыны айтылды.

Жарқынбек Амантайұлы бұл бастама сөз бостандығын шектеу емес, заң мен жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеу екенін алға тартып, Үкіметтен мынадай нақты шараларды қабылдауды сұрады:

1. «Треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан айқындау және тікелей эфирдегі зорлық-зомбылық, қауіпті пранк пен қорлау әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейту;

2. Платформалармен (TikTok, Instagram, YouTube) бірлесіп, құқыққа қайшы эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендіру тетігін құру;

3. Келісімсіз эфирге шығарылған азаматтардың ар-намысы мен құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту;

4. Әлеуметтік желідегі заңсыз контентке бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесін енгізіп, нәтижелерін қоғамға ашық жариялап отыру.