«Әділет» фракциясының депутаты амандасу әдебін мектептегі тәрбие жұмысына енгізуді ұсынды

Фото: depositphotos

Жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтаудың басты тетігі — күнделікті әдеттер мен сәлемдесу мәдениетінде жатыр. Осыған байланысты «Әділет» фракциясының депутаты Ерлан Сайыр Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына арнайы депутаттық сауал жолдады.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мұраны сақтау және амандасу әдебін жаңғырту туралы бастамаларына тоқталып, мәдениеттің тек концерт пен музеймен шектелмейтінін атап өтті.

Депутат өз сауалында:

«Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі. Сәлемдесу – мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады», — деп атап өтті Ерлан Сайыр.

Оның айтуынша, қазақ қоғамындағы сәлемдесу салтында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу және бауырмалдық сияқты асыл құндылықтар жатыр. Сондықтан бұл мәселені уақытша науқан ретінде емес, мемлекеттік мәдени саясаттың ұзақ мерзімді бағыты ретінде қарастыру қажет.

Осыған орай «Әділет» фракциясының депутаттары Үкіметтен мынадай нақты шараларды қабылдауды сұрады:

1. Амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негіздей отырып, нақты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу;

2. Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие процесінің тұрақты бөлігіне айналдыру;

3. Сынып сағаттары, тәлімгерлік, ата-аналармен жұмыс және мұғалімдердің жеке үлгісі арқылы мектепте арнайы мәдени орта қалыптастыру;

4. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесінің мазмұнына ұлттық әдеп нормаларын жүйелі түрде енгізу.