Қазақстанда көлік саласындағы екі лауазымды тұлға 40 млн теңгеден астам пара алды деген күдікпен қамауға алынды
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл тамызда прокуратураның үйлестіруімен Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары мен Ақмола облысы бойынша көлік бақылауы инспекциясы басшысының орынбасары ұсталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақ нормасынан асып кетуіне қарамастан, олардың кедергісіз жүруіне жағдай жасаған. Осы әрекеттері үшін кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам материалдық сыйақы алған деген күдік бар.
Сот санкциясымен екі лауазымды тұлға да қамауға алынған.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мән-жайлары жарияланбайды.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» артық жүк тасымалы мәселесіне алаңдаушылық білдірген. Компания мәліметінше, Қазақстан жолдарында мыңға жуық көлік 200 тоннадан астам жүкпен жүрген.