Бір қаралым - бір теңге. Бір хайп - мыңдаған көрермен. Бүгінде тікелей эфир кейбірі үшін контент емес, табыс көзіне айналды. Ал ақша үшін шектен шығатындар бар. Балағат, қорлау, қауіпті пранк, анайы әрекет бәрі экранның ар жағында қалады. Енді депутаттар цифрлық кеңістіктегі тәртіпті күшейтуді ұсынып отыр.
Әлеуметтік желідегі тікелей эфирлердің бір бөлігі қаралым мен табыс үшін шектен шығуға ұласып отыр. Былапыт сөз, қорлау, қауіпті пранк пен анайы әрекеттерді мыңдаған адам, оның ішінде балалар да көреді. Құрылтайда депутаттар осыған байланысты "треш-стриминг" ұғымын заңда бекітіп, құқыққа қайшы эфирлерге жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ платформалармен бірлесіп, мұндай контентті жедел анықтап, бұғаттау тетігін қалыптастыруды сұрады. Депутаттар бұл сөз бостандығын шектеу емес, еркіндік пен жауапкершіліктің шекарасын нақтылау екенін атап өтті.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ»ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы да жиілей түскен. Ал, мұны бір уақытта әртүрлі жастағы кәмелетке толған, толмаған мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін.
Баланың қауіпсіздігін бақылау барған сайын қиындап барады. Әрқайсысында жеке смартфон бар, әлеуметтік желіге ерте жастан тіркеледі. Соның салдарынан буллинг те күшейіп отыр. Ал желіде шамадан тыс отыру баланың оқуына, спортқа, кітапқа және отбасымен қарым-қатынасына бөлетін уақытын қысқартып, зейіні мен психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін дейді депутат.
ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ»ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған зерттеуіне сәйкес, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын балалардың үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскен. Қазақстандағы жағдай да алаңдатарлық. 2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеу бойынша, 9-10 жастағы балалардың 60%-ы, ал 11-12 жастағылардың 66%-ы әлеуметтік желілерде аккаунт ашқан. Балалардың 88%-ында жеке смартфон бар.
Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік желідегі мәселені тек тыйыммен шешу мүмкін емес. Өйткені цифрлық шектеудің айналып өтетін жолы көп. Жалған жас көрсету, ата-ананың немесе туыстың аккаунтын пайдалану, басқа платформаларға ауысу. Сондықтан, SIM-картаны тіркеу кезінде немесе әлеуметтік желіге қосылғанда адамның жасын анықтау, Face ID арқылы верификациялау тетіктері де қарастырылуы мүмкін. Ал бұл талаптарды заңмен бекіту үшін ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажет.
ДУМАН БАЗАРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де, Қылмыстық кодексте де ата-аналардың балалары үшін, оның ішінде ата-аналық міндеттерін орындауына қатысты жауапкершілігі қарастырылған. Егер заңнамаға балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша нормалар енгізілсе, ата-аналардың да жауапкершілігі күшейеді. Бұл ретте баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты әрі тиімді тетіктері заңмен белгіленуі тиіс.
Балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеу енгізу мәселесі халықаралық деңгейде де талқыланып келеді. Депутаттардың мәліметінше, биыл әлемнің 25 елінде балалардың әлеуметтік желілердегі жасына қатысты заңнамалық шаралар қаралған. Қазақстанда да осы бағытта тиімді модель қалыптастыру қажет деп санайды. Мақсат – балаларды цифрлық ортадан толық оқшаулау емес, олардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету дейді.