Музыкаға да инвестиция салуға болады. Қазақстанда музыкалық туындыларға қаржы құйып, одан түсетін табысты әртіс пен инвестор арасында бөлісуге мүмкіндік беретін жоба әзірленіп жатыр. Бұл -Astana Finance Days форумының екінші күнінде талқыланған жаңа бастамалардың бірі. Әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық адам бас қосқан қаржы форумында ел экономикасын дамытатын өзге де жобалар талқыланды.
Қазақстан үшін инвестиция тартудың жаңа бағыттарының бірі - цифрлық активтер нарығы. Бұл электронды түрде шығарылып, арнайы платформаларда сатып алуға және сатуға болатын активтер. Енді инвесторлар лицензиясы бар биржалар арқылы цифрлық активтермен сауда жасай алады. Ал нарықтың заңмен реттелуі инвесторлардың қаражаты мен құқықтарын қорғауға бағытталған.
ВЛАДИМИР САВОВ, AFSA ҚАРЖЫ НАРЫҚТАРЫ ОФИСІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Қазақстан цифрлық активтер нарығын дамытуда көршілес елдердің алдына шықты. Бүгінде толық лицензияланған жүйе қалыптасып, инвесторлардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретін нақты реттеу тетіктері жұмыс істейді. Қазір цифрлық активтер бойынша үш биржа толық лицензиямен жұмыс істейді. Толық лицензия алғаннан кейін олар клиенттер мен өнімдер санын кеңейте алады.
Инвесторлардың қызығушылығын арттыратын тағы бір бағыт - инфрақұрылым. Қазақстанның транзиттік әлеуеті, әсіресе Орта дәліздің дамуы, көлік пен логистикаға ғана емес, қойма және деректер орталықтары секілді жобаларға да сұранысты арттырып отыр.
ДРЮ ГАФФ, АМЕРИКАЛЫҚ SIGULER GUFF КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазақстан транзиттік ел ретінде айтарлықтай дамып келеді. Орта дәліз арқылы өтетін жүк ағыны артып, қойма, деректер орталығы, теміржол мен көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға деген қажеттілік өте жоғары. Бұл салалар инвестиция үшін өте тартымды. Жеңіл инфрақұрылымнан бастап ірі инфрақұрылымдық жобаларға дейін үлкен мүмкіндіктер бар. Біздің компания негізінен орта бизнеске инвестиция салады.
Екі күнге созылған форум аясында 40-тан астам іс-шара өтіп, капитал нарығы, реттеу, инновация, нақты экономика және трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мамандардың пікірінше, капитал нарығын дамыту, жаңа технологияларды енгізу және инвестиция үшін қолайлы орта қалыптастыру ел экономикасын әртараптандыруға жол ашады.