Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер қылмыскерлерді бірлесіп іздеуді күшейтеді. Астанада Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлері қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарды бірлесіп іздеу мәселесін талқылады. Былтырдан бері ұйымға мүше мемлекеттердің сұрауы бойынша 344 қылмыскердің орналасқан жерін анықтап, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде шетелдік әріптестердің көмегімен Қазақстан іздеу жариялаған 82 адам анықталды.Кездесуде ақпарат алмасуды жеделдетуге, бейінді қызметтердің тікелей өзара іс-қимылын күшейтуге және полиция атташелерінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды.
МҰСТАФА ЧИФТЧИ, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Біз жаңа буындағы қылмыстық ұйымдармен, есірткі және терроризм қылмыстарымен, заңсыз көші-қонмен, заңсыз бәс тігу мен құмар ойындармен күрес мәселелерін талқыладық. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері арасында Интерпол мен Еурополға ұқсас «Түркіпол» ұйымын құру туралы ұсыныс білдірдім. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның Ішкі істер министрлері бұл бастаманы оң қабылдады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз бен күш-жігеріміз одан әрі нығая түсетініне сенемін.