Беларусьтен келген сиыр еті Қазақстан арқылы транзитпен өткізілмеді

Фото: gov.kz

 107 тонна өнімнің заңсыз кіргізілуі мен транзитіне жол берілмеді

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы қызметкерлері мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлармен бірлесіп, ветеринариялық заңнама талаптарының бұзылуына қатысты екі фактінің жолын кесті.

Атап айтқанда, Шешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласына 88 тонна бидай кебегін кіргізуге тосқауыл қойылды.

Тексеру барысында ветеринариялық ілеспе құжаттардың және таңбалаудың болмағаны, сондай-ақ өнімге қажетті термиялық өңдеудің жүргізілмегені анықталды.

19 тонна ет Ташкентке транзитпен өткізілмеді

Сондай-ақ, Беларусь Республикасының Минск облысынан Ташкент қаласына 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен ет жартылай фабрикаттарының транзиті тоқтатылды.

Эпизоотиялық ахуалдың қолайсыздығына байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап Ресей Федерациясының жекелеген облыстары арқылы тиісті өнімді кіргізуге және транзитпен өткізуге уақытша шектеулер енгізген.

Осылай жалпы салмағы 107 тоннаны құрайтын барлық өнім жөнелту бекеттеріне қайтарылды. Тасымалдаушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптарын сақтау және ілеспе құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жыл басынан бері 230 бұзушылық анықталды

Жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 230 заң бұзушылық анықталды. 230 автокөлік құралы кері қайтарылып, жалпы сомасы 8,9 млн теңге болатын айыппұл салынған 100 әкімшілік хаттама толтырылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы саудаға қатысушыларды белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтауға және ілеспе құжаттарды белгіленген тәртіппен рәсімдеуге шақырады.