Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында менингорадикулоцеле диагнозымен дүниеге келген 16 күндік нәрестеге күрделі нейрохирургиялық ота жасалды. Аймақта сәбиге мұндай ота алғаш рет жүргізілді.
Ота барысында заманауи медициналық технологиялар қолданылып, сәбидің жүйке жүйесінің қызметін бақылау және операция кезінде ықтимал асқынулардың алдын алу мақсатында интраоперациялық нейромониторинг жүргізілді.
Медицина мамандарының кәсіби біліктілігі, мол тәжірибесі және өзара үйлесімді жұмысының нәтижесінде ота сәтті аяқталды. Отадан кейін нәресте дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті емдік шаралар жүргізілді. Қазіргі уақытта баланың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Нәресте ауруханадан үйіне шығарылды.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта балаға жоспарлы түрде үздіксіз оңалту шаралары жүргізіледі. Нәресте нейрохирург, невропатолог, уролог және ортопед мамандарының тұрақты бақылауында болады.
Бұл ота Маңғыстау облысында жаңа туған нәрестелерге күрделі және жоғары технологиялық нейрохирургиялық медициналық көмекті жергілікті деңгейде көрсету мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мамандары үшін бұл – балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.