Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды

фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын жеткізіп, елде болып жатқан елеулі өзгерістерге тоқталды.

– Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті саналатынын мәлімдеп, осы бағытта қолға алынған іргелі істерді атады.

– Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене-бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды, – деді Президент.

Президент «Ұлттық спорт түрлерін дамыту – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет» екенін айтты. 

– Қазір осы салада жұмыс істейтін отыздан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл оқу орны спорт саласындағы кәсіби кадрларды даярлауға шешуші үлес қосады деп жоспарлап отырмыз. «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» да табысты қызмет ете бастады. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ең бастысы, ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды. Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент спорт саласындағы жетістіктерге Үкіметтің, тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі ретінде оң баға беріп, алдымызда әлі талай міндет тұрғанын еске салды.

– Елімізде түрлі халықаралық додалар өткізілуде. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс – «Болашақ ойындары» сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек, бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройына, беделіне өте қажетті халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін айтты.

– Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.