Алаяқтар жаңа тәсілге көшті

Фото: Polisia.kz

Қазақстанда алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшті. Олар телефон арқылы хабарласып, өздерін eGov қызметкері ретінде таныстырады.

Бас прокуратура ақпаратынша, соңғы бір айда осындай 30-ға жуық жағдай тіркелген. Алаяқтар әдетте азаматтарға олардың атына ЭЦҚ рәсімделгенін немесе заңсыз әрекет жасалғанын айтып, үрей туғызады.

Кейін әңгімеге олардың сыбайластары қосылып, "заңсыз несие рәсімделмеуі үшін" ақшаны арнайы көрсетілген шотқа аударуды ұсынады. Бас прокуратура осындай алаяқтықтың Таразда болғанын хабарлады. Әйелге бейтаныс адам қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің атына ЭЦҚ шығарылғанын айтқан. Артынша WhatsApp арқылы басқа адамдар хабарласып, жеті банктен оның атына несие рәсімделгенін жеткізген.

Алаяқтардың сөзіне сенген әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам ақша аударған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.

Жалпы интернет-алаяқтық фактілері 14,8%-ға азайған. Биыл олардың саны 17,2 мыңнан 14,6 мыңға дейін төмендегенімен, қылмыскерлердің жаңа айла-тәсілдерді қолдануы жалғасып отыр. Ведомство мемлекеттік органдар мен олардың сервистерінің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты "қауіпсіз шотқа" салуды талап етпейтінін ескертті.