Батыс Қазақстан облысында карьерге айналған 200-дей аумақ анықталды

Батыс Қазақстан облысында заңсыз карьерге айналған 200-дей аумақ анықталды. Облыстық прокуратура дерегінше, мемлекетке келтірілген шығын 30 млн теңгеден асады. Айласын асырған пысықтар құм, қиыршық тас, саз топырақ және басқа да материалдарды рұқсат құжатсыз қазуды әдетке айналдырған. Ал 26 кәсіпорын сатылған пайдалы қазбаның көлемін өзгертіп, қанша өндірілгенін жасырыпты. Топырақтың өзін талан-таражға салғандар заңбұзушылықты жасырып, қылмыстық іс қозғамаған. Осының кесірінен мемлекетке келтірілген шығынды өндіру түгілі, бүлінген аумақты қалпына келтіру қиындап отыр.

ЗАРИНА ЕРСАЙЫНҚЫЗЫ, БҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:

Пайдалы қазбаларды заңсыз өндіргендер тиісті экологиялық рұқсатты алмаған, сондай-ақ экологиялық және келісімшарт міндеттемелерінің бұзылғаны анықталды. Ғарыштық мониторинг кезінде заңсыз қазылған 195 учаске тіркелді.

Ал экологтар мұндай заңсыз қазба жұмыстарының табиғатқа тигізер зияны орасан деп дабыл қағып отыр. Өйткені жердің беткі қабаты сыпырылғасын, экожүйе бұзылады, топырақ құнарсызданады, табиғи тепе-теңдік сақталмайды. Бұдан өсімдіктер мен жануарлар да зардап шегеді. Сондықтан қазылған аумақты қалпына келтіру қажет.

МҰРАТ ЕРМЕКҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ретсіз қазылған аумақтың жер бедері өзгереді, өсімдіктер жойылады. Мұндай карьерлер елді мекендер мен жол маңында орналасса, халыққа да қауіпті.