Енді кез келген бөліп төлеу, яғни рассрочкаға алған қарыздың бәрі несие тарихына жазылуы мүмкін. Ұлттық банк «қазір алып, ақшасын кейін төле» жүйесі бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың қызметін реттеуді ұсынды. Бүгінде тұрмыстық тауардан бастап, автокөлік пен баспанаға дейін бөліп төлеуге рәсімдеу белең алған. Алайда сатушылар мен құрылыс компаниялары ұсынатын мұндай қарыздар несие тарихында көрінбейді. Бұл азаматтардың нақты борыштық жүктемесін анықтауға кедергі келтіреді. Осыған байланысты бас банк қаржылық емес ұйымдарға да сатып алушының төлем қабілетін тексеруді және барлық ақпаратты кредиттік бюроға тапсыруды міндеттемек. Сондай-ақ мұндай келісімдердегі айыппұлдар көлемін шектеу көзделген.
ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ:
Мұндай тетіктер төлемді бірнеше бөлікке бөліп, тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Десе де, қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу өнімдеріне қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қолданылмайды. Бұл халықтың қосымша борыштық жүктемесінің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Негізгі міндет – қызметтердің қолжетімділігін сақтай отырып, осы тәуекелдерді барынша азайтатын тетіктерді әзірлеу.