Мектептерде «Заң және тәртіп» пәні оқытыла бастады

Мектептердің сабақ кестесіне «Заң және тәртіп» атты жаңа пән енгізілді. Міндетті курс 8-ден жоғары сыныптарға арналған. Жаңа пән жаңартылған білім беру стандарттары мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында оқу процесіне енгізіліп отыр. Бағдарлама еліміздің барлық мектептері үшін ортақ болады. Курс барысында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын түсіндіруге және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі. Сабақтар дәстүрлі дәріс форматында ғана емес, практикалық әрі интерактивті түрде өткізіледі. Оқушылар нақты өмірлік жағдайларды талдап, жағдаяттық ойындарға, құқықтық тренингтерге, кейс әдістеріне және топтық пікірталастарға қатысады. Пәнді тарих пәнінің мұғалімдері мен сынып жетекшілері жүргізеді. Сонымен қатар сабақтарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сарапшыларды тарту жоспарланған. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен енгізілген жаңа курс жасөспірімдердің құқықтық білімін жетілдіріп, өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуіне бағытталған.

ГҮЛЖАН ТӨЛЕУ, С.МӘУЛЕНОВ АТЫНДАҒЫ №37 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бала кішкентайынан бастап ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін біліп жатса, одан ешқандай зиян жоқ. Өйткені заңды білмеу ол ешқандай жауапкершіліктен құтқармайды ғой. Сондықтан кішкентайынан бастап қарапайым көшеге шыққанда, аулада ойнаған кезде бұның барлығы баланы бойында кішкентайынан белгілі бір белгілі бір қасиет, құндылық болып қалыптасқаны дұрыс. Сол үшін де қажеттілік бар деп ойлаймын.