Ұрпақтар сабақтастығы батадан басталады

Ұрпақтар сабақтастығы батадан басталады. Өйткені қазақтың киелі сөзін тоғыстырған бата - жай тілек емес, ұрпаққа айтылар өсиет. Атадан балаға жалғасқан осы бір игі дәстүр оралдық Мынжасовтар отбасында  сақталған.

Майданнан оралмаған әкесінің орнын басқан Сейілхан бес жасынан бұзау бағып, еңбекке ерте араласыпты. 70 жыл тізе бүкпесе де, соғыс ұрпағын ешкім "бала" деп мүсіркемеген. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан ақсақал жылы сөздің жарым ырыс екенін жақсы біледі. Сондықтан немере-шөберелері мен жиендерінен батасын аяған емес.

СЕЙІЛХАН МЫНЖАСОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

Қазақ өзі айтқан ғой баталы құл арымас, баатасыз құл жарымас деп. Сондықтан барлық нәрселерді, бір үлкен істерді бастардың алдында қазақтар сондай бата жасаған. Әр ісің сәтті болуы үшін, сол батаменен бастап, батаменен аяқтаймыз. Бата - біз үшін ең жақсы ұғым.

Бүгін дастарқан басында төрт буынның басы қосылды. Әулеттің ең кішісі екіден енді асса, атасы тоқсанға таяды. Ақсақалдың айтуынша, бата - қиналғанда қолдап, қуанғанда қуат береді. Бұл киелі сөздің адам бойына сенім ұялататын күші бар.

АЛТЫН ШУЙНУШЕВА, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

Бата деген ол жақсылыққа жетелейді. Балалар үлгі алады, соған еліктейді батаға, жақсы сөзге. Балаларға бата беріп отырған жақсы ғой. Сабақ оқып келгенде, баға алып келгенде де. Өркенің өссін, осылай ала бер бағаңды, беске оқы деп. Соған балалар өздері ынтасын жоғары көтереді ғой.

Бала кезден бата алып өскен әулеттің ұл-қыздары бүгінде сан саланы бағындырған. Олардың жетістігінің артында үлкендердің ақ тілегі тұр.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Дастарқан жиыларда ақсақал батасын беріп, қолда барға қанағат, жоққа салауат қылуды өсиет етті. Үлкендердің ұлағаты - ұрпақтар сабақтастығының символы іспетті. Өйткені бата - өткен мен болашақты жалғайтын көпір.