Елена Рыбакина US Open турнирінде алғаш рет чемпион атанды

Спортты дамыту дирекциясы

Елена Рыбакина 5,5 млн АҚШ доллар сыйақы алады

Теннистен АҚШ-та өтіп жатқан US Open «Үлкен Дулыға» турнирінде Елена Рыбакина финалда кейінгі екі жыл қатарынан чемпион атанған Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, жарыстың  жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Astana TV . 

Елена кездесуді өте жинақы бастап, өз мүмкіндіктерін мүлтіксіз пайдаланды. Соққыларының дәлдігі мен эйстерінің арқасында бірінші сетті сенімді түрде өз пайдасына жазды. 

Екінші сетте тартыс қыза түсті. Соболенко белсенділігін арттырып, сет соңында брейк жасап, есепті теңестіріп кетті.
Шешуші сында Рыбакина өзінің суыққандылығы мен жоғары шеберлігін толық көрсетті. Бірінші добын 85% дәлдікпен түсіріп, Соболенконың геймдерінде қысым жасау арқылы матчты жеңіспен аяқтады.
Осы турнирдегі жеңісінен кейін Елена Рыбакина ресми түрде WTA рейтингінде әлемнің №1 теннисшісі атанды.

Айта кетейік, 1887 жылдан бері өткізіліп келе жатқан US Open турнирінде Елена Рыбакинаның жеңісі Қазақстанға бұл бәсекеде чемпион атанған 19-шы ел мәртебесін әкелді.

Осылайша, 27 жастағы Елена Рыбакина өз мансабында үшінші мәрте ең ірі турнир саналатын «Үлкен Дулыға» жарысының жеңімпазы атанды. Спортшымыз бұған дейін 2022 жылы «Wimbledon» және 2026 жылы «Australian Open» бәсекесін жеңіп алған еді.

US Open турнирін жеңгенінің арқасында Елена Рыбакина 5,5 млн АҚШ доллары сыйақысын иеленіп, әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастады. Сондай-ақ ол жылдың қорытынды турниріне де жолдама алды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтаған болатын.